21.09.2016, 07:04

Мемлекет басшысы ҚР Парламенті екінші сессиясының ашылуына қатысты

Қазақстан Республикасы Парламентінің сессиясын ашқан Елбасы сындарлы заң шығару дәстүрін жалғастыру қажет екенін атап өтті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлап отыр.

– Жаңа заңдарды әзірлеу мен қабылдаудың барлық мәселелері жөнінде Үкіметпен тығыз әрі үйлесімді өзара іс-қимыл жүргізу қажет. Осы орайда, заңдар тиянақты әрі сапалы әзірленген болуы тиіс. Әсіресе Сенат пен Мәжіліс депутаттарының халыққа жаңа заңнаманың мақсаттары мен міндеттерін жеткілікті түрде түсіндірудегі рөлін арттыру маңызды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті әлемдік экономика мен саясаттағы күрделі жағдайға назар аударды.

– Әлемдегі көптеген экономикасы дамыған және дамушы мемлекеттер қиындықты бастан кешуде. Елдер арасындағы инвестиция ағынының көлемі азайды. Біз әлемдік экономиканың бөлігі болғандықтан, мұның бәрі Қазақстандағы жағдайға да кері әсерін тигізуде. Осындай жағдайда Үкімет пен Ұлттық банктің дағдарысқа қарсы іс-қимыл жоспарының іске асырылуы жалғаса береді, ол жаңа шаралармен уақтылы толықтырылып отырады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы депутаттық корпусты алда ауқымды жұмыс күтіп тұрғанын айтты.

– Жаңа сессияның аясында Сіздерге 50 шақты заң жобасын талқылап, қабылдау қажет. 7 жаңа заңды қабылдауға депутаттар бастамашылық етті және оны Үкімет қолдады. Бұл бастамалар – депутаттық корпустың жоғары кәсібилігінің айқын дәлелі. Өткен сессия аясындағы 28 жоба бойынша талқылау үдерісі басталды, – деді Қазақстан Президенті.

Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев Парламент Палаталары қызметінің барынша жариялы болуы қажеттігіне тоқталды.

– Заңдарды қабылдаудың қажеттігі мен бүкіл қисыны қазақстандықтарға айқын әрі түсінікті болғаны маңызды. Күзгі сессиядан бастап Сенат пен Мәжіліс жұмысының, сондай-ақ Парламент Палаталарының бірлескен отырыстарының тікелей онлайн-көрсетілімін енгізу бұған септігін тигізетін болады. Сонымен қатар, заң шығару үдерісінің аясын кеңейту қажет. Жобаларды әзірлеу кезеңінде оған қоғамдық сарапшылар, парламенттік емес партиялар мен үкіметтік емес ұйымдар және БАҚ өкілдерін тарту керек. Халықты алдын-ала ақпараттандыру және тиісті құқықтық жаңалық-өзгерістерді қоғамдық талқылау жөніндегі ЭЫДҰ елдерінің тәжірибесін белсене қолдану керек, – деді Елбасы.

Сөзінің соңында Нұрсұлтан Назарбаев жиналғандарды кезекті парламенттік сессияның басталуымен құттықтап, зор денсаулық және жемісті жұмыс тіледі.