$ 498.34  519.72  4.85

Нұрсұлтан Назарбаевқа Құрметті ғылым докторы атағы берілді

Қазақстан Президентіне «Енсей» университетінің Құрметті ғылым докторы атағы берілді деп жазады Ақорданың баспасөз қызметі.

Мемлекет басшысы елдің жетекші оқу орны болып саналатын университет ұжымы алдында сөйлеген сөзінде оның қызметінің болашақ көшбасшыларды тәрбиелеуге бағытталғанын және білім беру саласының қарқынды дамуы Оңтүстік Кореяның қол жеткізген жетістігінің басты кепіліне айналып отырғанын атап өтті.

– Елдеріңіз соңғы екі буын ауысқан кезең ішінде шет елдердің көмегін тұтынушыдан ірі донорға айнала білді. Сіздер 2025 жылы ғылым мен техника саласындағы бәсекеге қабілеттілік деңгейі жөнінен әлемнің үздік жеті елінің қатарына қосылу міндетін батыл іске асырып келесіздер. Адами ресурстар мен технологияны дамыту соған жетудің кілті болып саналады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті Кореяның жаңашыл экономиканы дамыту жөніндегі саясатын жоғары бағалап, біздің еліміз де экономиканы және бүкіл қоғамды жаңғырту жұмыстарын жүргізіп жатқанын айтты.

– Реформалар барысында ғылымды қамтитын экономиканы қалыптастыруға және адами әлеует сапасын арттыруға баса ден қойып отырмыз. Біздің басты мақсатымыз – кадрларымыздың бәсекеге қабілеттілігін және білім беру секторының экспорттық әлеуетін арттыру, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның Корея Республикасымен ынтымақтасу ісінде ғылымды қамтитын әрі инновациялық жобаларды жүзеге асыруға айрықша мән беріліп отырғанын атап өтті.

– Бұл орайда екі ел университеттерінің, зерттеу институттары мен орталықтарының өзара тығыз іс-қимылы жетекші рөл атқаруға тиіс. Сонымен қатар, біз жастар арасындағы білім алмасу аясын кеңейтуге ниеттіміз. Елдеріміз арасындағы қарым-қатынастың болашағын айқындайтын нақ сол жас ұрпақ болады, – деді Қазақстан Президенті.

Осы орайда Мемлекет басшысы Кореяның ғылыми қоғамдастығы мен Астанадағы Назарбаев университеті арасындағы әріптестікті жолға қою үшін зор перспективалар бар екеніне тоқталды.

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев екі елдің өзара белсенді іс-қимылына, достық сипаттағы әрі өзара сенімге негізделген қарым-қатынасына, күн тәртібіндегі халықаралық және өңірлік өзекті мәселелер жөніндегі ұстанымдары ұқсастығына назар аударды.

Қазақстан Президенті қарқынды дамып келе жатқан сауда-экономикалық ынтымақтастықты екіжақты әріптестіктің маңызды бөлігі ретінде атап өтті.

Мемлекет басшысы Корея Президенті Пак Кын Хемен кездесу барысында Қазақстан мен Кореяның стратегиялық серіктестігін жаңа сапалы деңгейге көтеру туралы уағдаластыққа қол жеткізілгенін және бұған Қазақстанның көпұлтты халқының ажырамас бөлігіне айналған корей диаспорасының септігін тигізетінін айтты.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев «Енсей» университетінің профессорлық-оқытушылық құрамының жаңа белестерді бағындырып, табысқа жете беруіне тілектестік білдірді.

Университет ректоры Ким Юн Хак Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Қазақстанның ядролық қарудан бас тартып, әлеуметтік-экономикалық даму жолында зор табыстарға жеткенін айтып, Құрметті доктор атағының берілуі оның осы еңбегінің жоғары бағалануының белгісі екенін атап өтті.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы университетті аралау барысында осында оқып жатқан қазақстандық студенттермен әңгімелесті.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары