$ 498.34  519.72  4.85

Министр Жеңіс Қасымбек қоластындағы қызметкерлері кешкі асқа шақырды

ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек өзінің қоластында жұмыс істейтін қарапайым үш қызметкермен кешкі ас ішіп, пікір алмасты. Бұл туралы аталған министрліктің баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінен Біржан Садық, Сыртқы байланыс департаментінен Ботагөз Сейдахметова және Автомобиль жолдары комитетінен Сабир Кушков ҚР Инвестициялар және даму министрлігі мемлекеттік қызметшілер арасында өткен «ҚР ИДМ миссиясы» байқауының жеңімпаздары атанды. Номинанттар бағалы сыйлықтар алып, министр Жеңіс Қасымбекпен бірге кешкі ас ішті.

Министрлік асханасындағы бейресми кешкі ас барысында байқау жеңімпаздары мемлекеттік орган жұмысын бұдан әрі жақсарту мен министрліктегі трансформация мәселелерін талқылады.

«Министр бізден министрлік трансформациясы аясында өзінің ұсыныстары туралы сұрады. Оның ішінде министрлік жұмысын бұдан әрі қалай жақсарту, құжат айналымын қысқарту, шешімдер қабылдау және тапсырмаларды келісу үдерісін оңтайландыру, мемлекеттік қызметшілердің жеке мүмкіндіктерін дамыту сияқты мәселелер болды. Мен өзім спортпен шұғылданамын. Жұмыстың көптігінен арнайы спорт кешендеріне бара алмағандықтан, министрлік ғимаратынан жаттығу залын ашу туралы ұсыныс айттым. Спорт денсаулық кепілі екенін айтқан министр, ұсынысыма келісім беріп, ҚР ИДМ жауапты хатшысына жаттығу залын ашуға орын қарастыру туралы тапсырма берді», - дейді Ботагөз Сейдахметова өзінің Фэйсбуктегі парақшасында.

Сонымен қатар, кешкі ас кезінде министрлік қызметінен басқа байқау жеңімпаздары мен министрдің жеке өмірі туралы да әңгіме қозғалған.

«Жалпы емен-жарқын әңгімелескен салиқалы отырыс болды. Өзге әріптестерім министрдің жақсы көретін фильмдері мен қызығып оқитын кітаптары туралы сұрады. Сонымен қатар, министрден ақыл-кеңес алуға да мүмкіндігіміз болды», - деп жазды Б.Сейдахметова.

Айта кету керек, қызметкерлер арасындағы «ҚР ИДМ миссиясы» байқауы «Кәсіби мемлекеттік аппарат құру» институционалдық реформасын жүзеге асыру мақсатында министрліктегі трансформация үдерісі аясында өтті. Мұндай шара министрлікте алғаш рет өтіп отыр. Алдағы уақытта тоқсан сайын министрліктің үздік қызметкерлерімен дәл осылай министрдің кездесіп отыру дәстүрі жалғасатын болады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары