$ 444.22  476.38  4.82

Арындардай әкім қайда?!

Алғаш Көкшетау қаласының әкімі Жарқын Жұмағұлов өз еркімен қызметінен кеткенде күнделікті көп жаңалықтың бірі боп қала берген. Жалпы, өзінен жоғары басшы келіп алып тастамаса, яки ауыстырып жібемесе, әкім қасқаңыздың жылы орнынан кете қоюы екіталай дүние еді. Бірақ, Жұмағұлов «жылы орын» деп жырғап жатпай-ақ, арыз жазып өз қалауымен кетті де қалды.

Одан кейін Қостанайдың әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Президент Әкімшілігіне жаңа қызметке ауысты. Үндемей-түндемей кетті дей алмайсыз, себебі белгілі. Сөйтіп жатқанда, Атырау қаласында да әкім ауысып үлгерді. Бұған дейін қала басшысының қызметін атқарған Серік Айдарбековтің орнына Нұрлыбек Ожаев тағайындалды.

Жалпы, соңғы кездегі өз еркімен қызметтен кету фактілерінің арасында жұрттың есінде жақсы сақталып қалғаны Павлодар облысының экс-әкімі Ерлан Арын болса керек. Қоластындағы қызметшісінің сыбайлас жемқорлық қылмысына қатысы бар деген күдікке түскені үшін қызметінен кетті. Өз еркімен! Елбасының айтқан сөзін екі етпей, мәселеге төтесінен кірісті сабазың. Иә, артынан өзінің де басы дауға қалып жатқан жайы бар. Дегенмен, айтылған сөздің құр әншейін әңгіме болып қалмайтынын ісімен көрсетіп кеткен Ерлан Арынның шешімді қадамы кім-кімге де үлгі, сабақ. Қызметінен өз еркімен кететін адамның себеп-салдары Ерлан Арындай-ақ болсын!..

Деп жатсақ, Қарағанды қаласының әкімі Мейрам Смағұлов та ауысып жатыр екен. Бірақ, бұрынғы Ерлан Арынға еліктеп жатыр дей алмайсыз. Не үшін екені кейін анықтала жатар, әзірге өз еркімен жұмыс орнын босатқаны ғана белгілі. Егер тапсырылған істі орындай алмағаны немесе біз білмейтін басқа бірдеңеге қатыстылығы үшін қызметінен кетіп жатса, мұнысын ердің ісі-ақ дер едік. Бірақ, айыпты болып жатқан Ерлан Арынға ұқсап жатқан бірі жоқ. Иә, бір кездері Арынның абырой жинарлық ісін Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков қайталағысы келген. Бірақ, құқық қорғаушылар да істі созбалаққа салып, мәселенің ақ-қарасын дер шағында ашып бере алмай, министрді абырой жинау құқынан айырды. ...Иә, бұл жайында әңгіме өрбіте берсек, арнамыз мүлде басқа жаққа бұрылып кетеді.

Ал, әкімдердің ауысуы біртүрлі, жоқ, бірнеше түрлі ойға жетелеп жатқаны... Қостанай, Көкшетаулардан кейін міне, Қарағанды қаласында да басшы жұмыстан кетіп жатыр. Әкімдердің өз еркімен қызметтен кетуі осымен бір шілденің ішіндегі біз білетін төртінші жағдай. ...Бәріне бірдей не болған дейміз де! Әйтпесе, осы қарқын бәсеңсімесе қарадай отырып біраз әкімімізден айрылатын түріміз бар. Әйтеуір, арты абыроймен бітсін дейміз де!

Ербол ТҰРЫМБЕТ,
«SKIFNEWS.KZ».

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары