27.11.2025, 18:50

Вакцина дауы: Министр Әлназарова қоғам белсендісін сотқа берді

© Sputnik / Санат Имангалиев

Смағұловтың сөзінше, бұрынғы вакцинаны қайта тіркемеген, содан кейін ел толығымен қымбат вакцинаға өткен.

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова қоғам белсендісі Дидар Смағұловты сотқа берді. Бұған Смағұловтың вакцина сатып алу кезінде жемқорлық болды деген сөзі себеп болды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталының тілшісі. Дау неден басталды? Смағұлов әлеуметтік желіде жазба жариялап: «Сотта министрлік жасырып отырған құжаттарды талап етемін. Мен айтқан мәлімет – ресми деректерге негізделген», — деді. Ол Францияның Sanofi компаниясы Қазақстанға 2013 жылы кіргенін айтады. Сол кезде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы басқа, арзан әрі дәстүрлі вакцинаны қолдануды ұсынған. Смағұловтың сөзінше, бұрынғы вакцинаны қайта тіркемеген, содан кейін ел толығымен қымбат вакцинаға өткен. Министрдің жауабы Ақмарал Әлназарова бұл пікірге келіспейді. Ол жаңа вакцинаны таңдау – «ғылыми түрде дәлелденген дұрыс шешім» дейді. Министрдің айтуынша: - бұл вакцина АҚШ, Канада, Жапония, Корея, Еуропа елдерінде кең қолданылып жүр; - Қазақстанда балаларға 21 миллион екпе салынған, ешқандай ауыр жанама әсер тіркелмеген. Смағұлов не дейді? Смағұлов өз сөзін халықаралық деректермен дәлелдегісі келеді. Оның айтуынша, дәл осы вакцинаны қолданатын елдерде қазір коклюшпен ауыру көбейіп жатыр: - АҚШ-та бір жылда 33 мың, - Еуропа елдерінде 60 мың, - Францияда 100 мыңнан астам, - Жапонияда жарты жылда 40 мыңға жуық жағдай тіркелген. Ол: «195 елдің ішінде бар болғаны 30 ел ғана осы вакцинаны пайдаланады. Қалған 165 ел неге басқасын қолданады?» - деп сұрақ қойды. Қаржы жағы Смағұловтың есебі бойынша, жаңа вакцина қосымша екпелерді қажет етеді: жасөспірімдерге, жүкті әйелдерге және медицина қызметкерлеріне. Сондықтан жыл сайынғы шығын 27–30 млрд теңгеге дейін өсуі мүмкін дейді. «Ескі түрін 4 рет салатын, жаңасын 8 рет салу керек. Бұл - шығынның екі есе көбеюі», - деді ол. Sanofi төңірегіндегі дау 2018 жылы АҚШ-та Sanofi компаниясына Қазақстандағы шенеуніктерге пара берді деген айып тағылған. Компания бұл істі жабу үшін 25 млн доллар төлеген. Смағұлов осы оқиға бойынша АҚШ елшілігіне ресми сұрақ жолдады: «Ақша нақты кімге берілді?» Министрліктің жауабы Министр Қазақстан бұл вакцинаны ТМД мен Шығыс Еуропадағы ең арзан бағамен сатып алып отырғанын айтты. Сондай-ақ: «Смағұловтың жазбалары халықтың денсаулық сақтау жүйесіне сенімін әлсіретеді», - деп мәлімдеді. Министрлік Смағұловтан мәліметті жоққа шығаруды талап еткен. Ол бас тартты. «Мен өз сөзімді сотта дәлелдеймін», - дейді Смағұлов. Ал өзі: «Халықтың сенімін шайқап тұрған – дәл сол халықаралық деңгейде тіркелген жемқорлық», - деп жауап берді.