Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) 13 тамызда әлемдегі қызылша дерті жайлы жарты жылдық есебін жариялады. Ұйым дерегінше, бұл дерт әсіресе Қазақстан, Ангола, Камерун, Чад, Нигерия, Филиппин, Оңтүстік Судан және Таиландта өршіп тұр, деп хабарлайды ult.kz.
ДДСҰ-ның хабарлауынша, 2019 жылдың алғашқы жартысында өткен жылғы осындай кезеңмен салыстырғанда қызылшамен ауырған адам саны үш есе көбейіп, 2006 жылдан бері болмаған рекордтық көрсеткішке жеткен.
Халықаралық ұйымның есебі бойынша, өткен алты айда әлемде қызылшамен ауырғандар саны 364 мыңнан асқан. ДДСҰ өкілдері әлі есеп бермеген елдер бар болғандықтан, бұл әлем бойынша қызылша дерті жайлы толық мәлімет емес дейді.
2018 жылы әлемде қызылша дертіне шалдыққан 353 мың адам тіркелген.
ДДСҰ есебінде Африка құрылығында қызылшамен ауырған адам саны он есе көбейіп, өте күрделі жағдай қалыптасып отырғаны айтылған. Еуропада қызылша дертімен ауырғандар саны өткен жылғымен салыстырғанда екі есе көбейген.
ДДСҰ-ның биыл сәуірде жариялаған есебі бойынша, 2019 жылдың алғашқы үш айында қызылшамен ауырған 3414 адам тіркелген Қазақстан осы дерт көрсеткіші бойынша әлемде бесінші орында тұрған.
Қызылша - вируспен тарайтын жұқпалы ауру. Оны жұқтырған адамның қызуы көтеріліп, тыныс алуы қиындайды, көзі қызарып, денесі қызара бөртіп кетеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы дерттің өршуіне арнайы вакцина егуден бас тарту себеп болуы мүмкін деп ескертеді.