$ 498.34  519.72  4.85

Медицина ұйымдары 6 айда 218 мыңнан астам кемшілік жіберген

Жарты жылда оларға бөлінген қаражаттан 2 миллиард 800 миллион теңге шегерілген.

Медициналық сақтандыру қоры емдеу мекемелерінің рейтингін жасады. Тексеріс барысында биыл алты айда медицина ұйымдары 218 мыңнан аса кемшілік жіберген. Жауаптылардың айтуынша, осы олқылық емдеу мекемелеріне кері әсерін тигізуі мүмкін. Яғни оларға бөлінген қаржының бір бөлігінен қағылады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Еңбегіне қарай өнбегі. Енді бармақ басты, көз қысты әрекетке барған мекемелер қаржыларының бір бөлігінен айырылып қана қоймай, қара тізімнен бір-ақ шығуы бек мүмкін. Медициналық сақтандыру қорының қызмет сапасын бақылау жұмыстары нәтижесінде, медицина ұйымдарын шартты түрде: жасыл, сары және қызыл аймаққа бөліп қарастырмақ. Сараптау барысында 58 емдеу мекемесі қызыл аймаққа іліккен.

«Бүгінгі таңда мониторнингтік бақылау барысында емдеу диагностикалық шараларының стандарттарынан ауытқу байқалатындығын анықтадық. Және медициналық құжаттарды сапасыз толтыру байқалды. Сонымен қатар, емдеу-диагностикалық шараларының бағасын негізсіз көтеру жағдайлары да кездескен», – деді «Әлеуметтік медицианалық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы филиалының директоры Тілеухан ӘБІЛДАЕВ.

Қор бақылаушы орган ретінде кемшілік жіберген медициналық мекемелерге айыппұл салынады. Жарты жылда оларға бөлінген қаражаттан 2 миллиард 800 миллион теңге шегерілген. Заң бұзушылықтар үшін қайтарып алынған қаржы медицина ұйымдары арасында қайта бөліске салынады. Сөйтіп, бұл сома ең қажетті көмек түрлеріне жұмсалады.

Медициналық сақтандыру қорының жүргізген зерттеуі барысында сапалы әрі нәтижелі жұмыс істеген мердігерлер тізіміне 98 медицина ұйымы еніпті. Оның 70 пайызы – жеке меншік клиникалар. Айта кетейік, келер жылдан бастап елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізіледі. Аталмыш бақылау сол жүйеде халыққа қызмет көрсететін емдеу мекемелерінің сапасын арттырудың алғышарттары дейді қор қызметкерлері.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары