Бүгін редакциямызға Ақмола облысына қарасты Аршалы ауданының тұрғыны хабарласты. Оның айтуынша, аудан іргесіндегі Ольгинка ауылының малдарынан адамдарға «сібір жарасы» ауруы тарап жатқан көрінеді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Сол ауылдан біреу Аршалыға малдың етін алып келіп сатқан. Оны біраз тұрғындар бөлісіп алды. Оның ішінде біз де еттің 5 келісін сатып алдық. Содан кеше облыстық, аудандық дәрігерлер келіп, етті тексеруге алып кетті. Өйткені, сол мал сойылған Ольгинка ауылынан 5 адамның ауруханаға түскені расталып отыр. Енді дүйсенбіде әлгі етті жеген біздегі адамдардың ағзасын түгел тексермек», – дейді аты-жөнін жазбай-ақ қоюымызды өтінген аудан тұрғыны.
Айтуынша, үй-үйді аралап жүрген аудандық, облыстық терапевттер тұрғындарды ай соңына дейін жиі келіп тексеріп тұратындарын мәлімдеген. Әзірге одан артық ештеңе айтпапты.
«Бірақ, «сібір жарасы» қайнаған, жақсылап пісірілген еттен жұқпайды екен. Оны дұрыс пісірмесе немесе ауру малдың қасында болған және оны сойған адамдарға жұғатын көрінеді», – дейді, дәрігерлерден себеп-салдарын сұрап алған аудан тұрғыны.