$ 498.34  519.72  4.85

Медициналық анықтаманы емін-еркін сату ісі қашан тыйылады?

Ендігі сәтте 083, 086 сынды анықтамаларды күнделікті өмірде қолдану өте тиімсіз. Себебі, ол біріншіден, шешім шығаруда ешқандай рөл ойнамаса, екіншіден, елімізде заңсыз медициналық қағаздарды сату іс-әрекеттері өсіп кеткен.

Былтырғы жазда Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жұмыс берушілерге №086 үлгісіндегі қағаз түріндегі анықтамаларды қабылдамауды ұысынғаны мәлім. Сол кезде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі нормативтік құжаттарға өзгертулер енгізу шараларын пысықтап жатқан еді.

«Біз Денсаулық сақтау мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктеріне ұсыныстар бердік. Қазіргі кезде «086» анықтамасы бойынша ақпараттық база құрылды. Емханалар медициналық тексеруден өткендер туралы барлық мәліметтерді электрондық нұсқаға енгізіп жатыр. Енді осыны нормативтік тұрғыда бекіту керек, яғни жұмыс беруші адамды қызметке қабылдаған кезде осы базадан қарай алады. Яғни қағаз түріндегі анықтамалардың заңды күші болмайды. Менің ойымша, бұл бағыттағы жұмыстар жыл соңына дейін аяқталып қалады», - деген-ді Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Нұр-Сұлтан қалалық департаментінің басшысы Жазира Жылқышиева.

Алайда, бұл бастама нақты заңды күшіне ене қоймаған сияқты. Неге десеңіз, сол жоғарыдағы мәлімдемеден кейін Қарағанды қаласында 086 медициналық анықтамасы 2500 теңгеге сатылып келгені анықталған. Бұл туралы облыстық мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің өкілдері мәлімдеді. Тіпті, «анықтама алуға көмектесемін», – деген хабарландыру жарнама сайттарына да жарияланған.

Биыл Шымкенттегі халыққа қызмет көрсету орталығы орналасқан ғимаратта да 086 анықтамасы 2500 теңгеден сатылып жатқаны туралы видео тарады. Байқағанымыздай, ол жерде ақысын төлесе болды, аты-жөні мен тиісті датасын қойып, түрлі дәрігерлердің мөрі басылған бір жапырақ қағазды алуға мүмкіндік бар екен. Ксеро-көшірме қызметін көрсететін қыз-келіншектер анықтама саудасын ашық қыздырып жатыр.

Ал биылғы 7 ақпан ақпаратына сүйенсек, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басшысы Алик Шпекбаев қоғам үшін өзекті анықтамалардың мәселесін тағы бір мәрте көтерген. Оның айтуынша, ендігі сәтте 083, 086 сынды анықтамаларды күнделікті өмірде қолдану өте тиімсіз. Себебі, ол біріншіден, шешім шығаруда ешқандай рөл ойнамаса, екіншіден, елімізде заңсыз медициналық қағаздарды сату іс-әрекеттері өсіп кеткен.

Статистикаға жүгінсек, бір ғана Нұр-Сұлтан қаласында жылына 30 мыңдай адам анықтама алса, оның 3650-і жалған анықтама ретінде тіркеледі екен. Осындай көзжұмбайлық салдарынан өткен жылы Оралда, Ақтөбе, ал биыл Нұр-Сұлтанда кейбір мұғалімдердің туберкулезбен ауырғаны, бірнеше адамның жалған құжат цехымен ұсталғаны дәлелденген.

Енді биылғы 1 шілдеде Денсаулық сақтау министрлігі 086 және 083 анықтамаларын алудың жолы жеңілдегенін мәлімдеді. Көрдіңіз бе, сөз басында айтып өткендей, қағаз түріндегі анықтамаларды қабылдамау туралы бастама күшінде емес сияқты. Қайта оны алу талаптары жеңілдеп отыр.

«Бұдан былай жұмысқа орналасу немесе оқуға тапсыру кезінде медициналық тексеруден өту жеңіл әрі жылдам болады. Ондаған маманның кеңесіне жүгініп, кабинеттен-кабинетке жүгірудің еш негізі жоқ», – деді Денсаулық сақтау министрлігі Республикалық денсаулық сақтауды дамыту орталығының бас директоры Айнұр Айыпханова.

Сондай-ақ, біз бүгін көлікті басқару құқығын алу кезінде талап етілетін 083 анықтамасын алу үшін медициналық тексеруден өту процесі де өзгергенін жазған болатынбыз.

Қысқасы, әдетте жалған анықтама алатындардың туберкулез немесе психикалық ауытқулармен есепте тұрған науқастар екенін ескерсек, солардың кесірінен талай адам ауру жұқтыруы мүмкін. Бұл – өз ойымыз емес, жоғарыда мысал еткен Қарағанды қаласындағы 086 медициналық анықтамасының «саудасын» тексерген комиссия мамандары айтқан күдік. Сол сәтте облыстық Денсаулық сақтау басқармасының бастығы Ержан Нұрлыбаевқа ескерту де жасалған болатын.

Ресми мәліметтерге қарағанда, Қазақстанда орташа есеппен алғанда күніне жалған 10 анықтама берілетіндігі расталған. Ал біз мына суретті Нұр-Сұлтан қаласындағы Жеңіс даңғылының бойында орналасқан аялдамадан түсіріп алдық. Онда көрсетілген телефон нөміріне қоңырау бармайды. Тек ватсап желісімен сөйлеседі екен. Әңгіменің ұзын-ырғасы мынау:

"- Сәлеметсіз бе? 086 анықтамасын қалай алсақ болады?

- Здравствуйте! 4500 тг будет стоить, с доставкой. И хотела вас предупредить, у меня оплата на киви кошолек после фото отчета готовый справки.

- Хорошо. Как Вас зовут?

- Виолетта. Вам на поступление или на трудоустройство?

- На трудоустройство.

- Скинте мне удв передния сторону.

- ...".

Қорқайық дедік. Алаяқ болып шықса ше?..

Еркеғали БОЛАТҰЛЫ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары