Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы мен «Темекі түтінінен азат Қазақстан үшін!» Ұлттық коалициясы Қазақстан азаматтарының денсаулығын қамтамасыз ету мақсатында демеушілікке қатысты темекі өнеркәсібінің коммерциялық және басқа да корпоративтік мүдделерінен қоғамдық денсаулық сақтауды қорғау жөнінде еліміздің медициналық жоғары оқу орындарымен меморандум жасасуға бастамашылық жасады.
Осыған байланысты, Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы, С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университеті, Семей медициналық университеті және «Темекісіз» ҚҚ арасында Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Тараптар темекі бұйымдарының зияны туралы жұртшылықты ақпараттандыру, қоғамдық денсаулық сақтау саясатын темекі өнеркәсібінің коммерциялық және басқа да корпоративтік мүдделерінен, темекі өнеркәсібі пайдаланатын стратегиялар мен тактикалардан қорғау сияқты бағыттарда өзара әрекеттестік орнатпақ.
Темекі өнеркәсібінің маркетингісіне және PR-белсенділігіне байланысты адамдарға, әсіресе жастарға шылым шегуге қатысты еркін және саналы таңдау жасау қиын. Адамды жаңылыстыратын жаңа девайстар, инновациялық өндірістер, темекі өнеркәсібімен қаржыландыратын олардың аз зияндылығын насихаттайтын «зерттеулер» – сауатты түрде жоспарланған маркетингтің нәтижесі.
Біз, мысалы, темекі компаниялары «әлеуметтік жауапкершілікке» үлкен көңіл бөлуде деген сияқты олардың БАҚ арқылы жергілікті қауымдастықтар мен қайырымдылық ұйымдарды қолдайтын қызметі туралы жарияланған және басқа да әлеуметтік қалаулы мақсаттарға қол жеткізуі жөнінде бірқатар ақпараттар аламыз. Бұл қызмет темекі өнеркәсібін жыл сайын әлемде болып жатқан 7 миллионнан аса өлімнің себепшісі емес, әлеуметтік жауапты сала ретінде таныстыру арқылы қоғаммен байланыстыру бағдарламасының бөлігі болып табылады.
Мәселен, ағымдағы жылы өскелең ұрпақтың денсаулығын қорғау, темекіге тәуелділікті тоқтату мақсатында туристер арасындағы әлемнің танымал қалаларының бірі - Сан-Францискода қалалық байқау кеңесі АҚШ азық-түліктер мен дәрілерді бақылау жөніндегі басқармасы (FDA) қарап, мақұлдағанға дейін электрондық темекілердің барлық түрін сатуға тыйым салу жөнінде қаулы қабылдаған болатын. Осылайша, қала әкімшілігі балалар арасында электрондық темекілерді тұтыну эпидемиясымен күресетіні жөнінде жариялаған.
ДДҰ көпжылдық зерттеулері темекіні тұтынудың барлық түрі адам денсаулығына зиян тигізетінін дәлелдеген.
Шылым шегу – бұл жүрек-қантамырлары, онкологиялық аурулар, тыныс алу жүйесінің аурулары сияқты жұқпалы емес аурулардың даму қаупін тудыратын басты факторлардың бірі.
Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы қоғамдық денсаулықты сақтап нығайтуға, аурулардың алдын алуға, оларды ерте анықтауға бағытталған зерттеулер саласында өз қызметін жүзеге асыратын ұйым ретінде ең алдымен халықтың денсаулығына ықпалын тигізуі мүмкін жаңа зерттеулер мен өндірістерді жүйелі түрде зерделейді.
Әркім шылым шегу адам денсаулығын құртатынын өзі түсінуі қажет. Темекі индустриясының жарнамасына және лоббист материалдарына негізделе отырып, ағзаны құртудың қажеті жоқ.
Тараптар осы бастаманы басқа да мүдделі мемлекеттік органдар, ұйымдар мен түрлі құрылымдар қолдайтынына сенім артуда.