Қазақстандық танымал тележурналист Диля Ибрагимоваға дәрігерлер бір жыл бұрын «прогрессивті көп ошақты лейкоэнцефалопатия» диагнозын қойған (көбіне бұл дерттің соңы өліммен аяқталады). Ол өзінің Facebook-тегі парақшасында қазақстандықтардан көмек сұрады, деп хабарлайды tengrinews.kz.
«Өкінішке қарай, ауруым өршіп барады. Кеше ғана рөлде отырған едім, ал бүгін көтеріле алмай отырмын. Нақтырақ айтқанда тұрамын, бірақ, бір жерге жету өте қиын. Маған шұғыл ауруханаға жату керек. Дүйсенбіде таңертең «совминкаға» барамын. Онда мені күтіп жатыр. Достар, қайтадан сіздерден көмек сұрағалы тұрмын. Мүмкіндік болса, қол ұшын созыңыздаршы... Барлық қолдау білдіргендерге ризашылығымды білдіремін» деп жазды ол.
Сондай-ақ, журналист парақшасына банк деректемелерін қалдырған.
Диля Ибрагимова ұзақ уақыт бойы «Таң», «Хабар», КТК телеарналарында спорт жаңалықтарын хабарлайтын жүргізуші болып жұмыс істеген. Қазіргі таңда бір ұл тәрбиелеп отыр.