Алматы қалалық №4 клиникалық аурухананың бас дәрігері Қанат Тезекбаев пен анестезиолог Асқар Тұңғышбаевтың тұтқындалуы – Мемлекет басшысының назарында, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Нью-Йоркте сапармен жүріп, Алматыдағы 4-ші қалалық аурухананың бас дәрігері және анестезиологының тұтқындалуы жөніндегі медицина қауымының өтініш-тілектерін оқыдым» деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев twitter парақшасында.
Еске сала кетсек, Алматыдағы №4 клиникалық аурухананың қос дәрігері Қанат Тезекбаев пен Асқар Тұңғышбаев қалалық Полиция департаментінің бастығы Серік Күдебаевтың жол апатына ұшыраған ұлының өлімінен кейін тергеуге алынған болатын. №2 мамандандырылған ауданаралық тергеу соты оларды екі айға тұтқындау түріндегі бұлтартпау шарасын қабылдаған. Бұл ақпаратты бас дәрігердің зайыбы Дина Тезекбаева растап, президенттен жағдайды өз бақылауына алуды сұраған еді.
Сол сәтте де Қасым-Жомарт Тоқаев: «Германия ауруханасында жасалған отадан соң қайтыс болған науқастың өлімін Заңға сәйкес тексеруді тапсырдым. Бұл мәселе Президент Әкімшілігі, Денсаулық сақтау министрлігі, Алматы қ. әкімінің бақылауында» деп жазды twitter парақшасында.