01.10.2019, 11:00

Қаңғыбас иттер мыңнан астам адамға қауіп төндірген

фото: wwm.ruw.vesiskiti
Құтырма - емделмейтін ауру. Жұқтырған адамның тыныс алу жүйесі салданып, жүрек қызметі бәсеңдейді. Адам азаптанып қайтыс болады.

Солтүстік Қазақстан облысында биыл 1071 адамға ит-мысық шабуыл жасап, салдарынан зардап шеккендер медициналық көмек алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

СҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өңір - құтырманың табиғи ошағы аймағында тұр. Салдарынан вирустың эпизоотиялық белсенділігі артқан қыс-көктем мезгілдерінде ауру жабайы жануарлардан ит-мысықтарға, ауылшаруашылық жануарларына жұғады. 

Бұл – өз кезегінде адамдарға қауіп әкеледі. Биыл облыста тұрғындар арасында құтырма ауруын жұқтырғандар тіркелген жоқ. Былтырлары Ғ. Мүсірепов, Тимирязев, Шал ақын, Аққайың аудандарының аумағында бірен-саран ауырғандар анықталған. Вирус негізінен түлкілер және қарсақтардан тарайды екен. Ауру жануарларда қозу, агрессия, сілекейінің ағуы түрінде білінеді. Құтырмасы бар иттер және мысықтар жиі адамдарға шабуылдайды, тамақтан бас тартады. Иттер аурудың бастапқы кезеңінде белсенділік танытпайды, тығылады, үйден қашуы мүмкін. Қозу мерзімі кезінде судан қорқуы, сілекейінің ағуы білінбейді, бірақ, сал ауруы дамиды. Құтырманың алдын алудың ең басты жолы — қаңғыбас иттер мен мысықтардың санын қысқарту. Мүмкіндігінше үй жануарларын қаңғыбас иттерге, жабайы аңдарға жақындауына жол бермеу, яғни, байлап ұстау қажет. Сондай-ақ құтырмаға қарсы алдын-алу, екпе жасау да өз нәтижесін береді. 

«Адамдарға құтырма ауру жануар қапқан кезде сілекей арқылы жұғады. Нерв жүйелерінің жолдарымен жүріп, орталық нерв жүйесін зақымдайды. Ауру бірден сыр бермейді, белгісі бір жылдан кейін де шығуы мүмкін. Құтырма - емделмейтін ауру. Жұқтырған адамның тыныс алу жүйесі салданып, жүрек қызметі бәсеңдейді. Адам азаптанып қайтыс болады. Ауруды тек вакцинациялау арқылы ғана болдырмауға болады», - дейді СҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің жетекші маманы Нұргүл Молдағалиева. 

Биыл медициналық көмекке жануарлар қапқан 1071 адам қаралды. Қаңғыбас иттер мен мысықтардың санын қысқарту іс-шараларын жүргізуге жергілікті бюджеттен 34 млн 099 мың теңге бөлінді. Барлығы 100 98 қаңғыбас жануар, соның ішінде 9664 ит, 434 қаңғыбас мысық ауланып, атылды.