$ 494.87  520.65  4.91

«Қансырап түсті»: гинеколог сау әйелдің жатырын тексермек болып, ішегін қоса жыртып жіберді

Сегіз сағат бойы ота жасап, жатырын алып тастаған. Іші шыдатпай, дәрет шықпай қиналған.

Сау әйелді мүгедек қылды! Түркістан облысында ауруханаға жүктілікпен барған келіншекті тексерем деп, жатырына темір аспап тыққан гинеколог оның ішегін қоса жыртып жіберген. Зақым келтіргенін білген дәрігер оны үйіне қайтара салыпты. Үш күн бойы ауырған жас келіншек ақыры жатырсыз қалды, деп хабарлайды КТК.

27 жастағы Дана екі ұлын аймалап, көз жасын көл қылып жүр. Өйткені, енді бала туа алмайды. Екінші баласын кесір тілігімен туған ол, арада көп өтпей қайта көтеріп қалған. Сондықтан кеңес сұрауға өзі тұратын Асық ата ауылындағы ауруханаға барыпты. Вероника Ким есімді гинеколог оған түсік тастайтын дәріні 8 мың теңгеге сатып, екі күн өткен соң «қайта кел» деген. Сөйтіп, қолындағы екі баламен барғанда, ескертпестен аборт жасап жіберді дейді келіншек. 

Дана Құршанбекова: 

«Қатты ауырды, мен жыладым. Сонда да «шыда, шыда» деп, 15 минуттай тазалады. Тағы да санитаркалар кеп мені ұстап тұрды, мен қимылдамасын деп. Балдарым жылап қасымда тұрды. Жатырымды тескен, ішекті тескен, сөйтіп жаңағы үлкен дәреттің бәрі қан, үлкен дәрет бәрі жатырға жиналған. Жиналып, іріңдеп кеткен». 

Жатыры мен ішегін жыртқан соң да дәрігер-гинеколог үйіне қайтарып жіберіпті. Нағыз азап содан соң басталған. Іші шыдатпай ауырып, дәрет шықпай, үш күнде үш рет жедел-жәрдеммен ауруханаға барады. Сөйтіп, сегіз сағат бойы ота жасап, жатырын алып тастаған. Қазір ішегі сыртында жүрген ол дәретін түтікше арқылы шығарады. Дәрігерлер денсаулықты ғана емес, тексерушілерге көрсету үшін мәліметтерді де бүлдірді дейді Дана.

 Дана Құршанбекова: 

«Шығарарда жалған мәлімет жазып қойған. «Дисфункциональное маточное кровотечение». Жүкті болғанымды, түсік жасағанын жазбаған. Менде оны дәлелдейтін УЗИ қағаз бар». 

Ауруханадан бас дәрігерді таппадық. Орынбасарларының бәрі ат-тонын ала қашса, гинекология бөлімінің меңгерушісі сөзінен әбден жаңылды. Гинекологтың кінәсін мойындайды, бірақ, келіншек ауруханаға тек «қансырап түсті» дейді. 

- Сол кезде өзі түсінсе, оны қалдырушы еді. Бізді шақырар еді. Ол өзі...

- Ол, негізі, қалай аталады? Түсік жасау ма?

 - Қан тоқтату мақсатында құрсағының ішін қырып тазалау. 

 - Әдейі істеген жоқ, ол көмек көрсеткісі келді. 

Ал жатырды тазалаған дәрігер Вероника Ким операцияның ертесіне өз еркімен жұмыстан кетіпті. Дананың туыстары төрт жарым ай бұрын құзырлы органдарға арыз түсірген. Бірақ, осы күнге дейін жауап болмақ түгілі, сараптама енді тағайындалып отыр.

Салтанат Қаракөзова, Түркістан облысы ПД баспасөз хатшысы: 

«Аталған жәйт ҚР ҚК-нің 317-бабы «медицина және фармацевтика жұмыскерінің тәртіптік міндетін тиісті орындамау» бойынша тексеріліп, қылмыстық іс қозғалған. Сотқа дейінгі тексеру барысы, оқиғаның барлық мән-жайы анықталады. Қазір қылмыстық іс бойынша сараптама тағайындалғанын хабарлаймын». 

Аталмыш іске облыстық Денсаулық сақтау басқармасы тексеру жүргізіп, Асық ата ауруханасының бірқатар қызметкерлері сөгіс те алған екен. Бірақ, нағыз кінәлілер жазасыз қалды деген Дана Құршанбекованың туыстары күнгейдің құзырлы органдарына сенімсіздік танытып отыр. Әрі Асық ата ауруханасында «былықтар көп» деген олар елордадан арнайы комиссия келіп тексерсе дейді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары