Адам битінің шашта өмір сүретін бас биті, дененің түкті жерлерінде өмір сүретін көйлек биті және жыныс мүшелерінің түкті аймағында өмір сүретін шат биті деген үш түрі бар. Баста бит қайдан пайда болады, педикулездан қалай сақтану керек және паразиттен құтылудың амалы қандай? Бұл туралы трихолог Динара Рысбекова айтып берді.
Бастағы биттің адамға пайдасы туралы әңгіме рас па?
Бастағы бит – адамның басында ғана тіршілік ететін жәндік-паразит. Оның жұмыртқасы – сірке. Аналық бит күніне 3-7 жұмыртқа жарып, шаштың түбіне қалдырады. Бит орта есеппен 27-30 күн өмір сүреді. Шаштан алып тастаса, бір күннен кейін өліп қалады. Трихологтың айтуынша, бастағы бит адамның өмір сүру сапасын төмендетеді. Бірақ оның шаш құрылымына зияны тимейді.
Бит басты қышытады, қасылған орын біртіндеп жараға айналады. Емін жасамаса, педикулез қайталама инфекцияға себеп болады. Басы қыши берген адамның ұйқысы бұзылады. Педикулезды уақтылы емдемесе, терінің қабынуы дерматитке, терінің іріңдеуі пиодермияға айналады. Адамның арамқанын сорсын деп битті шашқа әдейі салатындар бар дегенді де естігенмін. Бұл қате. Шаш битінің адам денсаулығына ешқандай пайдасы жоқ, – дейді Динара Рысбекова.
Дәрігер баста болатын бит түрлі вирус пен бактерия тарататынын айтты. Бөртпе сүзек сияқты қауіпті аурудың тарауына да бит себепші болуы мүмкін.
Педикулез ауруы қалай жұғады?
Маманның айтуынша, педикулез бірнеше жолмен жұғады. Педикулезбен ауырып жүрген адаммен араласқанда бит оның басынан сау адамға өтуі мүмкін. Гигиена заттарын басында биті бар адаммен бірге пайдаланғаннан да педикулез жұғады.
Педикулезы бар адаммен бір тарақпен таранып, бір сүлгімен сүртінсеңіз, бір жастықты жастансаңыз, бит сіздің шашыңызға ауысады. Шашқыстырғыш, резеңке, мойынорағыш пен баскиімнен де жұғады. Өйткені педикулезбен ауыратын адам бұл заттарды пайдаланған соң оларда бит біраз уақыт тұрады. Бұл паразиттің жұмыртқасы да осы заттарда сақталып, кейін битке айналады, – дейді дәрігер.
Маман өзен-көл, жағажай, бассейн сияқты көпшілік шомылатын жерден де педикулезды жұқтырып алу қаупі бар екенін айтты. Суда бит 2 күндей өмір сүре алады. Жағажайдағы құмнан да адамға жабысуы мүмкін.
Биттен құтылу үшін адам өз бетімен ем жасай ала ма?
Педикулездан арылу үшін адамдар халық емін жасап немесе дәріханадан битке қарсы сусабындар сатып алып жатады. Трихолог бұлай емделуге қарсы. Оның айтуынша, ең дұрысы – дәрігерге көрініп, маман ұсынған емдеу жолын ұстану. Динара Рысбекова пациенттеріне көбіне негізі майдан тұратын лосьондарды пайдалануға кеңес береді. Өйткені олардың бас терісіне зияны жоқ әрі шашты биттен тезірек арылтады. Дәрігердің айтуынша, пациенттің бас терісі сезімтал болып, оны өзі білмеуі мүмкін. Содан сусабын аллергия туғызады.
Трихологтың айтуынша, гигиена талаптарын сақтамағаннан және дәрігер кеңесіне құлақ аспағаннан баста бит қайта-қайта пайда болып жатады.
Адамның шашына сусабын құрамы сай келмесе, төсек-орын мен киім-кешекті арнайы жумаса, бит толық кетпейді. Шашын битке қарсы сусабынмен жуып алып, бұрынғы баскиімін киіп жүрген адамның басынан бит кетуі қиын, – деді дәрігер.
Динара Рысбековаға емделушілер көбіне бас қышуынан және қайызғақтан құтылу жолдарын сұрап келеді. Қайызғақ пен бас битінің жұмыртқасын шатастыратындар бар. Қайызғақ дегені биттің жұмыртқасы болып шығады. Екеуінің түсі де ақшыл болады. Бірақ қайызғақ шаштың түбін қолмен қаққанда жерге тез түседі, ал сіркені саусақпен жеке-жеке алып, тазалау керек. Дәрігер бастағы биттен құтылу үшін гигиена сақтау керек екенін тағы айтты.
Бір жолы емделушім емнен нәтиже болмай жатқанын айтты. Мен ұсынған сусабыннан да пайда жоқ екен. Шашын сусабынмен жуып, битке арналған тарақпен тұрақты тарап жүр. Сөйтсек, бар мәселе гигиенада болып шықты, – дейді трихолог.
Педикулезды болдырмау мен одан айығу үшін:
басты аптасына кемінде бір рет жуу керек;
төсек жабдығын апта сайын ауыстыру қажет;
киімді ыстық сумен, мүмкін болса, суды қайнатып алып жуған дұрыс;
киімді екі жағынан үтіктеп кию керек;
үйді тұрақты тазалап тұру қажет.
Педикулез көбіне мектепке дейінгі және бастауыш мектеп жасындағы балалар арасында кездеседі. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, оның себебі балалар ойнап жүргенде бас түйістіреді, топ болып селфи жасайды, тарақ пен шашқыстырғыш алмасады. Балаға біреудің баскиімін киіп, мойынорағышын тағуға болмайтынын түсіндіру қажет. Баланың басын жүйелі тексеріп, бит бар-жоғын немесе оның азайып-көбейгенін байқап жүру керек. Жарық бөлмеде ақ мата жайып, бас битіне арналған тістері өте жиі тарақпен шашын сол матаға тарап тұрған дұрыс.
Дереккөз: baribar.kz