Белгілі заңгер, Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Айгүл Орынбек facebook парақшасында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың қолданысқа енгізгелі отырған жаңа заңымен қоса отставкаға кетуін талап етті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Менің дене мүшемнен қолыңды тарт!» деген тақырыппен ашына жазған жазбасында заңгер күн тәртібіндегі күрделі мәселені алға тартты.
«Отыз жыл бойы бүкіл қазба байлықты саттыңдар, үндемедік! Бүкіл компанияларды шет елдіктерге саттыңдар, үндемедік! Қазақтарды шет елдіктерге құл қылып жығып бердіңдер, үндемедік! Мүгедек балаларды алып жатыр деп, сап-сау балаларды шетел асырдыңдар! Онда да үндемедік!
Беттері қалың қара беттер, сендер жерді де сатқыларың келді ғой! Бүкіл қазақ көшеге шығып, «Жер сатылмасын!» деп жүріп әрең мараторий қойғыздық! Қаншама қазақ жігіттері осы жер үшін әлі түрмеде отыр!
Сендерге жеп отырғандарың аз болды ма? Енді біздің мүшемізді сатып, форбстың тізіміне кіргілерің келді ме? Министр Біртанов, ұсынған заңдарыңызды тікелей эфирде халықтың алдында, қазақ тілінде талдауға шығыңыз!
Министр Біртанов заңымен қоса отставкіге кетсін!» - деді Айгүл Орынбек.
Оның бұлайша кейістік танытуына министрлік түзген жаңа заң жобасындағы «16 жасар жасөспірімдер ата-аналардың рұқсатынсыз медициналық бақылау жүргізе алады және өзіне керекті ота жасата алады» мағынасындағы олқылық себеп болып отыр. Ол бойынша, 16 жасар қыз жүкті болып қалған жағдайда, дәрігер оған ата-анасының рұқсатынсыз аборт жасай алады екен.
«Яғни, қыздан шыққан эмбрион шет елге сатылымға шығарыла алады! Бұл да бір үлкен қылмысқа жол ашып беру деген сөз! Ұрпақты жою! Қаралып жатқан заңды біртіндеп аударып, осылай май шаммен қарау керек!» - дейді Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің белсенді мүшесі.
Бұл - билік басындағы Біртановты да, басқасын да дұрыстап тұрып ойландыратын жайт, әрине.