$ 494.87  520.65  4.91

Кірпігіңіз биттеп кетпесін!

Елімізде сұлулық индустриясы қарқынды дамып келе жатыр.
Фото: Анна Ключко
Фото: Анна Ключко

Қазіргі кезде сұлулық салонынан шықпайтындардың қатары көбейді. Кірпік жалғатып, тырнағын әрлеп, бетін боятып жүргендер астарында қандай қауіп барын да білмейді. Сұлулық үшін жан пидалап жүргенде, кірпігіңіз биттеп кетпесін, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

Әдемі болуға ұмтылған арулар сұлулықты жасандылықтан іздеп жүргені жасырын емес. Әлеуметтік желі арқылы өз ісінің шеберін іздеп, арзан бағаға құмарлардың қарасы көбейсе, азаяр емес. Сұлулыққа ұмтыламын деп жүргенде тері ауруларына жұғысып қалуыңыз ғажап емес. Мәселен, арзанға педикюр жасатып, ауруханадан бір-ақ шыққан Оксана тырнақ сәндегіш мамандардан әбден қорқып қалған. Интернет арқылы іздеп тапқан шебердің кесірінен ол саусағынан айырылып қала жаздапты.

"Тырнағымды ретке келтірудің орнына, мастер оны жартылай кесіп алды. Артынша, ақшамның жартысын қайтарып, тырнағым бірнеше уақыттан кейін қалпына келеді  деп сендірді. Бірақ, екінші аяғымның саусағым іріңдеп мазамды қашырды. Бірнеше уақыттан кейін өзге салонға бардым. Олар мен қабылдаудан бас тартты!", - дейді Оксана.

Мамандардың айтуынша, үй жағдайында қызмет көрсететін шеберлер аз емес. Олардың көбі өз бетімен үйренгендер. Сондықтан санитарлық талап мүлде сақталмауы мүмкін. Сапасыз шеберге асыққандардың көбі денсаулыққа зияны келгенін дәлелдей алмай дал болып жүр. 

"Біздегі құрал-саймандар жай сөрелерде емес, арнайы стерилизаторда тұрады. Жуырда маған бір бойжеткен келді. Оның тырнағының формасы әдемі болатын. Тек бұған дейінгі мастер оның саусақтарын зақымдап алған. Салдарынан, тесілген жері өмір бақи солай қалады. Мұндай жапа шеккендер өте көп", - дейді тырнақ шебері Әсел Сарина.

Сонымен қатар жасанды кірпіксіз күн көре алмайтын арулар көбейді. Кірпік сырт көзге әдемі көрінгенімен, нағыз биттің шоғырланатын жері дәл сол жасанды кірпіктер екен.

"Кірпікте де биттер болады. Білесіздер кейбір мастерлер тіпті құрал-саймандарын жуып, тазаламайды. Салдарынан осындай бактериялар үймелейді. Кірпігіңізді биті бар тарақпен тараса болды, ар жағын ойлаудың өзі қорқынышты", - дейді кірпік жабыстыру шебері Марина Кудряцева.

Елімізде сұлулық индустриясы қарқынды дамып келе жатыр. Аяқ алып жүрген жеріңнің бәрінде самсаған сұлулық салондары. Қазір жертөрелерде, үйдің ішінде, бизнес орталықтарда жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай ашылуда. Республика бойынша жалпы саны бес жарым мыңға жуық шаштараз бен сұлулық салоны тіркелген. Оның мыңға жуығы Нұр-Сұлтан қаласында.

Бұл тек ресми тіркелгендері. Соңғы 9 айда сұлулық салондарына қатысты 14 шағым келіп түскен. Тексеріс нәтижесіне сәйкес, салондардың жартысынан көбі санитарлық талаптарға сай болмай шыққан.

"Санитарлық талаптарды орындамаған үшін айыппұлдың құны екі есеге өсті. Ал бұл талаптары екінші рет тағы бұзса, онда оның үстіне тағы қосылады. Қыз-келіншектерге айтар кеңесім, барған жеріңізден міндетті түрде чек алыңыз. Ол сіздің негізгі айғаңыз болады", - деді Инфекциялық емес аурулардың профилактикасы және объектілерді бақылау басқармасының басшысы Марал Рахимжанова.

Егер де сұлулық салондарының құрбаны болсаңыз, онда міндетті түрде Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар мен мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетіне хабарласқан жөн. Ал көрсетілген қызмет көңіліңізден шықпаса, тұтынушылардың құқығын қорғайтын комитетке шағымданыңыз.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары