$ 514.65  544.6  5.17

«Диагнозы толық нақтыланбаған»: тележүргізуші Бейсен Құранбек тағы да сырқаттанып қалды

«Әлдеқандай ауыр кесел болса, Еуропаға емдетейік», - деп облыс әкімі Амандық Баталов та шешім күтіп отыр.
фото: 365info.kz
фото: 365info.kz

Қазір әлеуметтік желілердің бәрінде белгілі тележүргізуші, «Жетісу» арнасының директоры Бейсен Құранбектің белгісіз дертке шалдыққаны туралы жазбалар тарап жатыр, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

Qazaqstan арнасындағы «Қарекет» бағдарламасында бірге жұмыс істеген әріптестерінің айтуынша, оның жүйке жүйесіне салмақ түскен. Соны қалыпқа келтіру үшін үш айдан бері ем алып жатқан көрінеді. Ал «Жетісу» арнасындағы өз орынбасары, яғни бүгінде жанына жақын жүрген Серік Әбікенұлы дерттің диагнозы әлі нақтыланбаған деп отыр. Осы орайда, ол әріптесіне қатысты «көңіл айтып» қойғандарға ақпаратты дұрыс тарату керектігін де ескертті.

«Тілеуін тілегенде де сөзге абай болайықшы! Бір аудиожазбада «азамат еді» деп өткен шақпен айтылыпты. Құдай сақтасын, жігіттер! Алла дем берсе, Бейсекең әлі-ақ құр аттай болып шыға келеді. Сол үшін дәрігерге қаралып, диагнозын анықтау үшін шетелге де барып тексеріліп жүр. Жатып қалып, жамбасы тесілген түгі жоқ, өз аяғымен барып-келіп жүр! «Әлдеқандай ауыр кесел болса, Еуропаға емдетейік», - деп облыс әкімі Амандық Баталов та шешім күтіп отыр.

Диагнозы толық нақтыланбаған, күдік көкейін мүжіген адамға «анау екен, мынау екен» деген қауесеттің қатты әсер ететінін ескерсеңіздер. Сөзде – қаңқу, дертте – шаншу жаман. Белден шаншу қадалған азаматты қаңқумен одан ары жүдетпейік. Бауырымыздың амандығына дұға еткен қалың қазаққа рақмет, баршамыз аман болайық! Бейсекеңнің сырқатын жеңіл, шипасын жедел етсін, Алла!», - дейді Серік Әбікенұлы.

Еске сала кетсек, Бейсен Құранбектің өзі Instagram парақшасында асқазан жарасы шығып, ақпан айында дәрігерлердің екінші рет аман алып қалғанын жазған еді.

«Бұл жолы асқазан жарасы ашылып, гемоглобин 61-ге түсіп кетіпті (бәрін жүрекке жақын қабылдаудың нәтижесі...). Жан сақтау бөліміндегі жанталастан аман шықтық, бастысы», - деген еді сонда әріптесіміз.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары