Атыраулық Зоя Сатқанғалиева халал дүкеннен сатып алған еттен уландық деп шағымданды. Айтуларынша, жаңа жылдың алғашқы күндері қонақ шақырамыз деп бастары пәлеге қалып, қонақтар да, отбасындағылар да дәрігерге жүгінген, деп хабарлайды Астана телеарнасы.
Зоя Сатқанғалиева мереке қарсаңында халал дүкеннен 50 мың теңгеге 26 келі ет салып алған. Ет асып, оны алдына қойған қонақтар да астан уланғандарын айтып шағымданыпты.
«Тек қана үй ішіммен ішкен жоқпын, бүкіл қонақтармен. Қонаққа қарар бетті айтсаңшы... бәрі Зояның үйіне барып, бәрі іш ауру болып. Өлмегенге шүкір. Мен адамнан көрмеймін, сатушыдан да көрмеймін. Малды сойып әкелетін жерден ауру жабысып отыр ма, білмеймін», - дейді Зоя Сатқанғалиева.
Екі рет жедел-жәрдем келгенімен, еш ем-дом көрсетпеді дейді зейнеткер. «Учаскелік дәрігер берген дәрі-дәрмекпен бетім бері қарады», - деп отыр. Алайда, іш ауруы мен әлсіздік әлі де бойын жазғызбай отырғанын жеткізді.
«Барған кезде жағдайы орташа ауыр дәрежеде болды. Әлсіздік, бас ауру, ішінің өтуі, жүрек айнуына шағымданды. Шағымдарды ескере отырып, алдын ала диагноз қойдым, ішек инфекциясы деп. Желтоқсан, қаңтар айында осындай шағыммен 4-5 адам жүгінді маған. Тамақтың ішінде всегда ет. Маған халал магазинінен деп айтқан науқастар болды», - дейді Геолог емханасының жалпы тәжірибелік дәрігері Дәурен Жомартов.
Ал халал дүкеннің иесі «еттен улану мүмкін емес» деп отыр. Жаңа жыл қарсаңында 10 бас ірі қара саттым деген Мерғұлан Сұлтанғалиев ветеринарлардың берген анықтамасын жайып та салды.
«Халықтың бәрі алып жатыр. Мал базарынан сойғызамыз. Справкасы бар. Бір сиырды түгел ол кісі алған жоқ. Бәрі де алды халықтың. Екі жылдан бері ет сатамыз мына жерде. Біреу келіп шағым жасаған жоқ әлі. Етті, экспертиза қағазын алып келу керек қой. Мал ауру ма? Мен ауру малды даладан әкеп сойып жатқан жоқпын. Убойный цехтан сойғызамыз. Анықтамалары бәрі бар, зертханадан тексереді ғой», - дейді жеке кәсіпкер.
Сол күні қонақ күтуге келген қызы Лаураның да отбасы дәл осылай ауырған. Алайда, «балаларды үйден емдедім» дейді ол.
«Мына қызым, сосын мына қызым. Сосын мен ауырдым. Жолдасым да ауырды да, үкіметтің жұмысы болған соң дәрі ішіп кетіп қалды. Санэпидке хабарласқан кезде, бір-біріне сілтеп, аяқтай келіңіз деп. Аяқтай баратын жағдайда емес. Етті ме, санэпидті ме қозғауыңызды сұрап отырмыз», - дейді Лаура Бағытжанова.
Астан ұшынған отбасы мүшелері аяқтан тұрған соң, қалған етті сараптамадан өткізбекші. Сараптамадағылар оған да біршама қаражат қажет екенін ескертіпті.