Елорда тұрғыны Қайырбек Аяшев мұздай судың ішінде тұрудан Қазақстанның жаңа рекордын орнатты. Ол Есіл өзеніндегі ойықтың ішінде 40 минут болды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, Sputnik-ке сілтеме жасап.
Қазақстанның алғашқы рекордын Аяшев өткен жылдың 19 қаңтарында орнатқан еді. Сол кезде ол мұздай судың ішінде 35 минут 15 секунд болған.
Нұр-Сұлтан қаласының 40 жастағы тұрғынын елордалықтар бұрыннан жақсы таниды. Себебі, ол 12 жылдан бері қысы-жазы ауа райына қарамастан, қысқа жеңді жейде және жеңіл шалбармен жүреді. Аяшев жыл бойы ағзасын шынықтырып, спортпен айналысады. Айтуынша, бар дайындығы осы ғана.
«Мені морж деп айтқан дұрыс емес. Өйткені, мен ойыққа түсумен айналыспаймын. Тек жылына бір рет, крещение кезінде ғана суға түсемін. Осы ретте діндар адамдардан, егер кедергі келтіріп жатсам, кешірім сұрағым келеді», - дейді Қайырбек Аяшев.
Айта кетсек, әлемдік рекордты 2012 жылы 24 наурызда ресейлік Дмитрий Балабанов орнатқан еді. Оның уақыты – 2 сағат. Әйелдер арасындағы рекорд Осман Делибашқа тиесілі. Ол мұздай судың ішінде 60 минут тұрды.