Ауыздан шығатын жағымсыз иіс кім-кімге болсын ыңғайсыз. Кейде адам өзі де сезбеуі мүмкін. Сондықтан ол иіс неден пайда болатынын біліп алған жөн.
Ауыз қуысындағы жағымсыз иіс – ауыздағы, қызыл иек, тіс пен тілдегі бактериялардың шығаратын газы. Әрине одан арылудың қарапайым жолы – тісті уақытылы жуу. Кейде мұның өзі көмектеспеуі мүмкін.
Жағымсыз иіс көбіне қызыл иек пен тіс тазалығын толық сақтамағаннан пайда болады. Ол үшін тісті күніне 2 рет жуып тұру керек. Сондай-ақ тісті басатын қара дақтарға да мән беріңіз.
Кейде диабет, бүйрек пен асқазан ауырғанда да ауыздан жағымсыз иіс шығады. Сондай-ақ тыныс алу жолдары инфекциясынан да пайда болуы мүмкін.
Ауыз қуысының жағымсыз иісіне көбіне темекі шегу, ішімдік ішу және басқа да өнімдерді жиі тұтыну себеп болып жатады. Алайда жағымсыз иіс бәріне мәлім пияз, сарымсақтан ғана емес, сүт, ірімшік, еттен де болып тұрады. Ауыз қуысында қалған тағам қалдықтарының құрамындағы ақуыз бактериялардың әсерінен өзгерістерге ұшырап, жағымсыз иіске себеп болады. Ауыз қуысын дұрыс немесе толыққанды тазаламау мәселені одан сайын өршітеді.
Кейде жағымсыз иіс кейбір дәрі-дәрмектерді қабылдаудың нәтижесінде пайда болады. Әйелдер етеккір алдында жағымсыз иістің пайда болатынын байқауы мүмкін. Бұл гормондар деңгейінің құбылмалы болуына байланысты.
Адамдар көбіне тісін жуып, тілін тазалауды ұмытып кетеді. Ал тіл бүртіктерінде бактерия, өлі жасушалар мен тамақ қалдықтары қалып қояды. Мұны тазаламай ауыздағы жағымсыз иістен құтылу екіталай.
Әр тамақ ішкен сайын ауызды шайып жүруді әдетке айналдырыңыз. Бұл тіс арасы мен тілде тағам қалдықтарының қалып кетпеуіне көмектеседі.
Жоғарыда айта кеткендей, ең бірінші жағымсыз иіс неден пайда болғанын анықтап алу маңызды. Ол үшін тіс дәрігеріне көрініңіз.
Дереккөз: Massaget.kz