Денсаулық 04.02.2020 сағат 21:25

«3-топтағы мүгедектер еңбекке жарамды»: мүгедек аналар жаңа министрдің бұл шешіміне наразы

Осыған дейін мемлекеттен атаулы әлеуметтік көмек алып келген 3-топтағы мүгедек аналар жұмысқа орналаспаса, тиісті төлемнен қағылады.
«3-топтағы мүгедектер еңбекке жарамды»: мүгедек аналар жаңа министрдің бұл шешіміне наразы
Бөлісу
Бөлісу
Бөлісу

Жаңа министр – жаңа әуре. Жеті ай бұрын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі ауысқан. Көпбалалы аналар мәселесінде басы қатқан Бердібек Сапарбаев вице-премьер боп жоғарылап, бұл қызметке Біржан Нұрымбетов келген еді. Жаңа басшы атаулы әлеуметтік көмекті ың-шыңсыз бере алмай отыр. Мүгедек аналар үкіметтің көмегін алу үшін жұмыс жасауы керек екен.

Осыған дейін мемлекеттен атаулы әлеуметтік көмек алып келген 3-топтағы мүгедек аналар жұмысқа орналаспаса, тиісті төлемнен қағылады. Министрліктен келіп жеткен бұл өзгерістерге Алматы облысының Көксу ауданындағы аналар наразы.

Биылдан бастап көп балалы аналарға берілетін жәрдемақының талаптары мен көлемі өзгеретінін естігенмен, аудандағы бірнеше мүгедек әрі жалғысбасты ана жақсылықтан үміт үзбегендерін айтады. Бірақ, мемлекеттен отбасына тиесілі азғантай ғана тиынды алу үшін мүгедек болғанына қарамастан, жұмыс іздеп сандалып, тер төгуі керектігін ойламаса керек.

Сонымен, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрілігінің шешімімен бұрын жәрдемақы алып келген 3-топтағы мүгедек аналар енді жұмысқа тұрмаса, яғни, жұмыс істейтіні туралы құжат өткізбесе, мемлекеттен ешқандай ақша ала алмайды. Мұндай мәліметті Көксу ауданының жұмыспен қамту орталығындағы мамандар да растап отыр.

Атаулы әлеуметтік көмекті рәсімдеу үшін олар еңбекпен қамтылуы тиіс екен. Болмаса, жұмысқа жарамсыздығы туралы дәрігерлердің анықтамасын өткізуі қажет. Оның өзі қол-аяғы сау жандарға беріле бермейді.

Бала кезінен жүйке ауруына шалдыққан Толқын Дүйсеғұлова бұл талапқа наразы. Жалғызбасты ана баласы екеуіне мүгедектігі үшін берілетін жәрдемақы жетіспегендіктен, әлеуметтік көмек алуға бекінген. Бірақ, жұмыспен қамту орталығындағылар оған жұмысқа орналасу қажеттігін айтқан. Егер бас тартқан жағдайда, жәрдемақы төленбейтінін ескертіпті. Ал Толқын болса, өзінің еңбекке қабілетсіз екенін алға тартып отыр.

«Жұмысқа тұрасыз деп айтты. Мен оны істей алмаймын. Жұмыстан қашып тұрғаным жоқ. Жүйкем әбден тозған. Ешкімнің сөзін көтере алмаймын. Тіпті, өздігімнен боқтап жіберетін кезім болады. Қазір жұмыстың ауыр-жеңілі болмайды. Бәрі қиын, жауапкершілік көп. Сондықтан жұмыста одан ары жүйкемді тоздырып, денсаулығымды жарамсыз етемін бе деп қорқам», – дейді Көксу ауданының тұрғыны, 3-топтағы мүгедек Толқын Дүйсеғұлова.

Мұндай мәселе көпбалалы ана Гүлмира Сарлыбаеваны да әлекке салып отыр. Ол да 3-топ мүгедегі. Қазір жүрегін ауыстыру үшін донор іздеп, кезекте тұрғанына 10 жылдан асқан екен.

«Өздері жұмыс тауып береміз деп отыр. Мақұл, жұмыс істеуге келісем. Істеймін деп отырмын. Бірақ, мен ай сайын 10 күн ауруханада жатам. Себебі, жүрек ауруымен есепте тұрған адаммын. Екі күннің бірінде жедел жәрдем шақыртамын. Қалай жұмыс істеймін?» – дейді Көсксу ауданының тұрғыны, 3-топтағы мүгедек Гүлмира Сарлыбаева.

Аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры министрлік бекіткен заңнамалар мен ережелерді басшылыққа алғандарын айтып, шешімді өзгерту мүмкін емес деп отыр. Жағдайға байланысты өздігінен шешім қабылдаудан қорқатын жергілікті атқарушылар мұндай отбасылар аштан қатса да орталықтың шешімін алға қоятынын жасырмайды.

«Барлығы да еңбекке жарамды адамдар негізі. Өйткені, 3-топтағы мүгедектер. Яғни, еңбекке жарамды. Өзіміз жұмыс іздеп тауып береміз. Егер бас тартса, бүкіл жанұясына АСП төленбейді. Заң солай», – дейді Көксу аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Руслан Байменов.

Мамандардың айтуынша, мүгедектерді тығырыққа тіреген бұл мәселе министрлік тарапынан қайта қарастырылуы керек. Ал жәрдемақыдан үмітті мүгедек аналар «жұмысқа шығып, жазым болсақ, отбасымызды кім асырайды?!» деп отыр.

Ербол ІЛИЯС

Оқи отырыңыз

загрузка...

Соңғы жаңалықтар

Аптасына бір рет ең танымал мақалалардың дайджесін жібереміз

Қызықты материалдар