Түркістан қалалық ауруханасының жұқпалы аурулар бөлімінде тарақандар өріп жүр. Редакциямызға хабарласқан емделушінің анасы жәндіктердің көптігі соншалық, тіпті, төсектері мен жеке заттарының арасында да бар, аурухана қызметкерлеріне шағымданғанымен, ешқандай шара қарастырылып жатқан жоқ дейді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.
«Тарақандар қаптап кеткен. Жүре алмаймыз. Балаларымыз ұйықтап жатқан кезде қорқамыз. Пакеттеріміздің ішіне дейін жүреді. Әсіресе, кешкі уақытта палатаның светін өшіріп ұйықтаған кезде дуалдарда өріп жүреді. Біздің істемегеніміз жоқ. Бұны СЭС-тің өзі кетіре алмаған дейді», - деп отыр қала тұрғыны.
Осы мәселеге байланысты арна тілшілері Түркістан қалалық орталық ауруханасы Жұқпалы аурулар бөлімінің меңгерушісі Замира Жорабековамен сөйлесіп көрді.
«Емделушінің сөзін естідім. Тарақандардың қаптап кетуі ауруханада, бұл біріншіден, ескі ғимарат. Жөндеуден үш рет өткізілген. Бұл науқас тарақандар көптеп өріп жүр дейді. Негізі ондай емес. Биыл біздің бөлімше күрделі жөндеуден өткізілді. Капиталды жөндеу емес. Ең біріншіден, бұлай қаптап кетуі, жалпы, науқастың өзіне байланысты. Жеке өздерінің заттарын, тағамдарын дұрыс талапқа сай сақтамайды. Біз санитарлық ұйымдарға бірнеше ұсыныс жасағанбыз. Және кәсіпкермен келістік», - дейді дәрігер.
Оның айтуынша, бөлімше былтыр тарақандармен 3 рет «күрескен». Ал биыл улау ақпан айына жоспарланған екен. Бірақ, күнделікті тазалау жұмыстары жүргізіліп, санитарлы-эпидемиологиялық қадағалау орталығының да бақылауында тұрған көрінеді.
Енді телеарна тілшілері ауруханадағы науқастардың көтерген мәселесі жақын арада шешіле ме, жоқ па, ол жағын өз бақылауымызға аламыз деп отыр.