Президент жанындағы Ұлттық қауіпсіздік сенім кеңесінің мүшесі, саясаттанушы Ерлан Сайыров facebook парақшасында Денсаулық сақтау министрлігіне әлемді дүрліктірген коронавирустан «шоу» жасамау керектігін ескертті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Коронавирусты жолатпаудың негізгі факторы – адамның өзін-өзі сақтау тетіктерін жасау. Аурудың алдын алу – ең оңтайлы әдіс. Бүгінде Денсаулық министрлігі «тәжтажал» әне кіреді, міне кіреді» деп сәуегелік жасамай, адамдарды сол тажалдан сақтанудың тәсілдеріне үйретуге көшуі керек.
18 млн 500 адамға жеке гигиена, адамдармен денсаулыққа қауіпсіз қарым-қатынас жасау, адамның төзімділігін (иммунитет) арттыру факторларын үйретуге көшуі тиіс», - дейді саясаттанушы.
Оның айтуынша, біздің министрліктің қазіргі әрекеті сол коронавирустың тегін жарнамасын таратушыны немесе Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының «тәжтажалдың» таралу картасын» түсіндіретін штабын елестетеді екен.
«Коронавирустың қалай таралып жатқанын біз өзіміз де көріп отырмыз. Министрлік сол вирустан сақтанудың амалын халыққа жатық тілмен түсіндіріп беруі қажет! Біртановтың министрлігі өзінің негізгі миссиясынан адасып кетті.
Коронавирустан шоу жасамаңыздар, оны жарнамаламаңыздар, халықты аман алып қалудың қарапайым амалын жасаңыздар!» - деген Ерлан Сайыров, ол амалдың қандай болуы керектігін де түсіндіріп өтті.
«1. Медициналық тұрғыдан оқу-ағарту жұмыстарын жүргізуден ақсап тұрмыз. 2. Қазірден жалпыұлттық карантин жасау керек. 3. Теледидар, мессенджер, желіде қарапайым анықтама тарату керек.
Жалпыұлттық Штаб құрып, түсіндіру жүмыстарына барша жұртшылықты тарту өте маңызды! У-шу, ырду- дырдумен бұл мәселенің қаупін сейілту мүмкін емес!» - деп түйіндеді ол министрлікке деген базынасын.