$ 448.15  483.46  4.86

Коронавирус – сифилис емес: ауруды жұқтырғандардың аты-жөндерін жасырмаған маңызды

Шетелдіктер коронавирус жұқтырған министрлерінің, президенттерінің аты-жөндерін айқайлап айтып отыр, біз «этика сақтап отырмыз».
фото: youtube.com
фото: youtube.com

Журналист Абай Балажан facebook парақшасына коронавируспен сіз боп, біз боп шындап күрескіміз келсе, онымен ауырған адамның аты-жөндерін жасырмай жариялау керек деген пікірін жазды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

«Егер коронавируспен күрескіміз келіп жатқаны рас болса, онда бұл дертті жұқтырғандардың аты-жөндері ашық жазылсын! Халық бір дем әрі, бір дем бері жағдайда отырғанда, қандай этика жайлы айтып отырмыз?!

Науқас жұқтырған адамдардың аты-жөндерін айту не үшін керек? Ауру жұқтырған адам кіммен контактіге түскенін 100 пайыз айтпауы мүмкін. Әдейі емес, әрине. Бәрі бірдей есінде қалмауы мүмкін. Ал аты-жөні жария болса, онымен контактіге түскен адам өзі-ақ дәрігерге жүгіріп бармай ма?! Өзі үшін, жақындары үшін.

Ал оның аты-жөні жарияланбаса, онымен жолығысқан, сөйлескен, амандасқан, шәй ішкен адамдар қайдан біледі? Олар да бейғам жүре береді ғой», - деп қапаланып отыр әріптесіміз.

Шынында да сырқаттанған адамның кімдермен араласып-құраласқанын білу – дәл қазіргі ел жағдайында аса маңызды. Коронавирус сифилис емес қой, кімдермен қарым-қатынаста болғаныңды жасырып, өзіңше «этика сақтап» жүретіндей. Ал, Абай Балажан айтпақшы, ауру жұқтырған адамның кімдермен контактіге түскені 100 пайыз есінде қалмаса, сол науқастың өзінің аты-жөнін билік неге бүгіп қалуы тиіс?

«Шетелдіктер коронавирус жұқтырған министрлерінің, президенттерінің аты-жөндерін айқайлап айтып отыр, біз «этика сақтап отырмыз». Бұлай болмайды, меніңше...», - дейді жазба авторы.

Тағы оқи отырыңыз: Коронавирусқа шалдыққан әйел өзімен байланыста болған азаматтар туралы мәлімет беруден бас тартып отыр

Иә, коронавирус та «аты жаман ауру». Бірақ, «СПИД», «сифилис» дегендей, онымен ауырғандардың аты-жөнін елдің білуінен ұялатын емес, дүйім жұртты кең таралуынан сақтандыруға болатын сырқат.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары