19.03.2020, 10:00

Диетологтар коронавируспен күресуге қандай тағам көмектесетінін айтты

Әсіресе, балық, жаңғақ пен зәйтүн майындағы омега-3 маңызды.

Испанияның тамақтану академиясының мамандары мен диетологтар ағзаның коронавируспен күресуіне қандай азық-түлік пен көкөніс көмектесетінін айтты, деп жазады "Российская газета".

Мамандар жеген тағам коронавирусты жұқтырмаудың кепілі емес екенін атап өтті. Алайда ағзаның вируспен күресіп, инфекцияға тойтарыс беруі ас мәзіріне де байланысты. 

"Тамақтану режимін сақтаудың арқасында ағзаның қорғаныс функциясы күшейеді. Ол инфекция тудыратын патогендік микроағзаларға тойтарыс бере алады", — деді диетолог Альма Палау.

Испанияның тамақтану академиясы президентінің айтуынша, диета мәзіріне жеміс-жидек, көкөніс, ет, балық, жұмыртқа және сүт өнімдері енуі керек. 

Әсіресе, балық, жаңғақ пен зәйтүн майындағы омега-3 маңызды. Олар қабынуға қарсы тұруға көмектеседі. Иммунитетті күшейтеді.

Сондай-ақ, дұрыс ұйықтап, жаттығулар жасап, зиянды әдеттерден арылуға кеңес беріліп отыр.