Еліміздегі төтенше жағдайға орай ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы барша дін қызметкерлеріне мүмкіндігінше Құранды үздіксіз хатым етуге үндеді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Біз – тарихымыздың сан қилы сындарлы сәттерінде үмітсіздікке берілмей, бір Алладан медет тілеген халықпыз. Осы ретте, мұсылман қауымын еліміз бен жеріміздің, күллі адамзаттың амандығы үшін дұға жасауға, Аллаға мадақ, пайғамбарға салауат айтуға шақырамын. Ал барша дін қызметкерін Құранды мүмкіндігінше үздіксіз хатым етуге үндеймін», – деген бас мүфтидің бастамасы еліміздегі құлшылық ордаларында жүзеге асуда.
Үндеуге үн қосқан ҚМДБ Нұр-Сұлтан қаласының өкілдігі кешеден бастап үзіліссіз Құранды хатым етуге кірісті. Елорда имамдарының арнайы кестесі түзіліп, «Әзірет Сұлтан» мешітінің үлкен залында әр қызметкер кезектесіп Құран оқыды. Қасиетті Құран аяттары төтенше жағдай аяқталғанша тәулік бойы оқыла береді.
Тағы оқи отырыңыз: Қырғыз мүфтиі коронавирустың таралмауы үшін құрбандыққа екі сиыр шалды
Еліміздің бас мешітінде елорда имамдары бүгін Құранды толықтай аяқтап, хатым дұғасын жасады. Игі шараға ҚМДБ төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы қатысты.