Әлеуметтік желіде коронавирусты қарапайым тұмаумен салыстырған дәрігердің мәлімдемесі тарап жатыр, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
Өзін Раджаб Гимбатов деп таныстырған ол өзінің терапевт-дәрігер екенін атап өтті. Ол халықтың дүрбелең салып жатқанын көргендіктен осы видеоны түсіруге мәжбүр болыпты.
Видеода ол "коронавирус, шын мәнінде, қауіпті ме?" деген сұраққа жауап іздеді.
"Коронавирусты естімеген жан қалмаған шығар бұл әлемде. Коронавирус ондаған жыл бұрын пайда болған. Сол себепті осы індетті жаңа вирус деп атау - қате. Коронавирус - тыныс алу жолының асқынуы. Эпидемияға келсек, бұл індетті 100 мыңдаған адам жұқтырды делік. Ал әлем бойынша осы вирусты жұқтырғандардың 70%-ы - қытайлықтар. Індеттен 2%-ы ғана көз жұмды. Жалпы алғанда, әлемде бар болғаны 2000 адам қайтыс болды деген сөз.
Ал сіздер қарапайым тұмаудан жылына 1 млн-ға жуық адам көз жұматынын білдіңіздер ме? Ал енді жоғарыда аталған сандарды салыстырайық. 1 млн адам - қарапайым тұмаудан қайтыс болатындар, ал 2000-ы - коронавирустан.
Сонымен, ең қауіпті дегеніміз шындыққа жанаса ма екен? Теледидардан адамдардың талып жатқаны тек қызудың жоғары болуынан деп есептеймін. Бұған коронавирустың түк қатысы жоқ. Өйткені дене қызуының 40-тан асуы - кез келген жұқпалы ауруларда болатын белгі.
Енді паникаға бой алдырып, дүкен сөрелерін босатып жатқандарға келейік. Сіздердің кесірлеріңізден дәріханалар мен азық-түлік дүкендерінде бағаның тым қымбаттап жатқанын білесіздер ме?! Карантин біткен соң, бағалар өз орнына келеді дегенге сене алмаймын", - деді ол бейнежазбада.
Дәрігер коронавирусты жай аурумен салыстыра келіп, басқа дәрігерлерді де халықты сабырға шақыратын видео түсіруге шақырды. Ол көпшілікке коронавирустың "қауіпті еместігін" дәрігерлер егжей-тегжей жеткізу керек деген ойда.
Раджаб Гимбатов антибиотиктердің вирусты өлтірмейтінін де жайып салды. Сонымен қатар ол коронавирус үшін мешіттерді жабуға мәжбүр болған билікке наразылығын білдірді.
"Олар адам көп жиналатын түнгі клубтар мен калян шегетін орындардан емес, алдымен мешіттерді жабудан бастады. Осы жағдай мені қатты таңғалдырды. Біз қайдағы жоқ коронавирустан емес, Алладан қорқуымыз керек. Осы туралы бір сәт ойланып көріңіздерші", - деп түйіндеді ол сөзін.
Соңғы мәліметтерге сүйенсек, желтоқсан айының аяғында басталған коронавирус індетінен әлем бойынша 10182 адам көз жұмды. Ал дәрігердің сөзіне сенсек, қарапайым тұмаудан жылына 1 миллионға жуық адам қайтыс болады екен. Сонымен, коронавирус - қорқынышқа бой алдырып, үрейленуге тұрарлық індет пе?!