Алматыда коронавирус жұқтырған 64 жастағы науқас жасанды тыныс алу аппаратына қосылды. Бұл туралы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев онлайн брифингте айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бір науқастың жағдайы ауыр. Ентігуіне байланысты, өкпені жасанды желдету аппаратында жатыр. 64 жастағы бұл пациенттің жай-күйі өкпенің созылмалы обструктивті бронхит ауруының болуына байланысты нашарлап отыр.
Жасанды желдету аппаратына қосылғалы бері жағдайы бірқалыпты. Коронавирус инфекциясы өкпенің созылмалы ауруы бар пациенттердің жағдайын ушықтыратынын білеміз», - деді Т. Әбілдаев.
Басқарма басшысының айтуынша, Алматыда өкпені жасанды желдету аппараты жеткілікті.
«Біздің мекемелер мұндай аппаратпен толық қамтылған. Тіпті қажет болған жағдайда, басқа стационарлардан аппарат алдыруға мүмкіндік бар», - деді ол.