Бұған дейін Қостанай облысының периметрі бойынша 10 блокбекет орнатылатынын айттық. Ал бүгінде дүмпуі дүниежүзін дүрліктірген дерт ел бойынша жалғыз осы өңірде ғана тіркелмеген. Жалпы, 31 наурыз, сағат 00.10-дағы жағдай бойынша, Қазақстанда коронавирус індетін жұқтырған тағы 6 адам анықталып, науқастардың жалпы саны 308-ге жетті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Қазір Қазақстан картасында коронавирус дерті бойынша Қостанай облысының «нөлдік» көрсеткіш көрсетіп тұрған нұсқасы әлеуметтік желілерде кең тарауда.
«Өңірдегі эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Алайда, ауру айтып келмейді. Сондықтан арқаны кеңге салуға болмайды. Қауіпті дертке қарсы қауіпсіздік іс-шараларын күшейту үшін облыста тиісті қам-қарекет жасалуда. Аты жаман дерттің алдын алу мақсатында медицина өкілдері мейлінше мұқияттылық танытып отыр», - дейді облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Вячеслав Дудник.
Ал Тауарлар және көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз қызметі 18 наурызда Қостанай облысына Испания мен Германиядан келген 20 адамның «а» санаты бойынша ауруханаға жатқызылғанын мәлімдеген болатын. Олардың барлығы да Қазақстан азаматтары. Жағдайлары тұрақты. Короновирус індетін жұқтырғандар жоқ.
Бір ғана өңіріміздің дерттен амандығын көреалмағандай, таяуда осы облысқа қарасты Арқалық қаласында коронавирус анықталып, базар жабылып жатыр деген қауесет шықты. Қазір полицейлер әлеуметтік желі арқылы сол жалған ақпаратты таратқан әйелді іздестіріп жатыр.