03.04.2020, 07:49

«Зімбір мен қара зере майы жай тамақтан артық емес»: Досқалиев коронавирустан қорғану шартын айтты

фото: matritca.kz
«Көкөніс, бал, еттен артық иммунитет көтеретін ештеңе жоқ. Ет жегеннен иммунитет артады. Адамның табиғатына жаратылған тағамдарды жеу керек», - деді профессор.

Қазақстандық дәрігерлер зімбір мен қара зере майы, лимон мен сарымсақ індетті емдемейтінін, жай ғана иммунитетті көтеретінін мәлімдеді. Мысалы, медицина ғылымының докторы, профессор Жақсылық Досқалиевтің айтуынша, ішімдік пен зімбірдің, қара зере майының коронавируспен күресте еш пайдасы жоқ, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы, КТК телеарнасына сілтеме жасап.

«Бұл – алыпқашпа әңгіме. Қазір көп адам сенгіш, аңқау келеді. Кейбіреу жалған ақпарат таратып, саудасын жүргізуді көздейді. Зімбір бағасын 10 мың теңгеге дейін көтеру – ешкімнің ойына келмейтін дүние. Ең дұрысы, адам карантинде болғаны жөн. Өзін оқшаулап отырса, одан артық сақтық жоқ», - дейді Досқалиев.

Ал Нұр-Сұлтан қаласы №8 қалалық емханасының жалпы практика дәрігері Айтбала Балтабаева адам сарымсақ пен лимон көмектеседі дегенге сенсе, онда тұрған ештеңе жоқ деп санайды.

«Зімбір, лавр жапырағына, сарымсақ пен лимонға сеніп, көмектеседі деп санасаңыздар, онда жеуге болады. Ол иммунитетті көтереді. Дегенмен, ең дұрысы – өзіңді оқшаулау. Мүмкіндігінше, көп адаммен байланыста болмау керек. Дене шынықтыру жаттығуларын жасап, медициналық бетперде тағып жүрген дұрыс», - дейді Балтабаева.

Бұл пікірмен профессор Досқалиев те келіседі. Алайда, ол зімбір мен қара зере майы уақытылы ішкен астан артық емес деп санайды.

«Жалпы, зімбір мен қара зере майының адам иммунитетін кішкене көтеретін қасиеті бар. Алайда, ол күнде уақытылы ішкен тамақтан артық емес. Көкөніс, бал, еттен артық иммунитет көтеретін ештеңе жоқ. Ет жегеннен иммунитет артады. Адамның табиғатына жаратылған тағамдарды жеу керек. Адамның ағзасы сыртқы микробтарға қарсы тұру үшін қалыптасқан», - деді профессор.

Сондай-ақ, дәрігерлер «иммунитетті арақпен көтеру» дегеннің бос әңгіме екенін айтты.

Тағы оқи отырыңыз: «Ең пайдалысы – қойдың етi мен сорпасы»: кардиолог коронавирустың алдын алу шарттарын түсіндірді

«Ішімдіктің инфекциямен күресте еш пайдасы жоқ. Ол, керісінше, иммунитетті әлсіретеді, шектен тыс ішімдік ішу бауырдың зақымдануына алып келеді», - деді Айтбала Балтабаева.