Еліміздің дәрігерлеріне көмек көрсету үшін Қытайдан медицина қызметкерлері келді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, олар консультациялық-әдістемелік көмек береді. Бұған дейін екі ел басшысы телефон арқылы сөйлескен кезде осындай уағдаластық болған. Сондай-ақ, 7 сәуір күні Қытай дәрігерлері онлайн форматта кеңес берген. Енді өздері келді.
Қытайдан 10 дәрігерді біздің елге жеткізу үшін арнайы борт ұйымдастырылды. Дәрігерлер елордада, Алматы мен Қарағанды қалаларында жұмыс істейді. Олар жергілікті мамандармен тәжірибе алмасып, қажетті кеңес береді.
«Бізде қазір емделіп шыққандармен қатар, жағдайы ауыр науқастар да бар. Бірнеше адам өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Сондықтан Қытайдың дәрігерлерімен ақылдасатын мәселе көп. Өзіміз жинаған тәжірибемен де бөлісе аламыз. Олардың кеңесіне де құлақ асамыз. Диагностика мен емдеудің бекітілген арнайы хаттамасы бар. Сол бойынша жұмыс істейміз», - дейді Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Қамалжан Надыров.
Дәрігерлер Шыңжан-Ұйғыр автономдық ауданынан келді. Олар – аталған өлкедегі медициналық мекемелердің үздік мамандары. Қатерлі індетпен күрес кезінде мол тәжірибе жинаған. Қытай дәрігерлермен бірге 5 тонна гуманитарлық көмек жіберген. Медициналық бұйымдар емханалар мен ауруханаларға беріледі.
«Біз Қазақстанға толық дайындықпен келдік. Инфекция жұқтырған адамдарды емдеу әдістерімен бөлісеміз. Келген дәрігерлердің сырқаттарды емдеу тәжірибесі бар. Сондай-ақ, гуманитарлық көмек ретінде бетперде мен арнайы қорғаныш костюмін ала келдік. Қазақстандық мамандармен бірлесе жұмыс істеп, арадағы ынтымақтастықты нығайтуды ойлаймыз», - дейді қытайлық дәрігер Лу Чжен.
Біздің елге келген дәрігерлер қажетті сынама тапсырып, арнайы тексеруден өткен. Олардың денсаулығы туралы анықтамалары бар. Дәрігерлер 2 апта бойы әріптестеріне кеңес беріп, көмек көрсетеді.