Көкшетауда алкоголь өнімдерін шығаратын зауыт антисептик өндірісін қолға алды, деп хабарлайды «Хабар 24» телеарнасы.
Кәсіпорын мұндай қадамға сұраныс көп болғандықтан бардық дейді. Бұрын тек арақ-шарап өндіретін кәсіпорын, қазір күніне жарты литрлік 150 мың бөтелке антисептик шығарады. Ал өндіріс толықтай дерлік автоматтандырылған. Ауысымына тек 3 адам ғана жұмыс істейді. Ал қалғандары оны жинау, тасымалдау және тарату жұмыстарына жұмылдырылған.
«Жұмыс орындарын барынша сақтап қалу үшін және нарықтағы сұранысты қамтамасыз етіп, өзіміз де табыс табу мақсатында осы өндірісті қолға алдық. Қазірдің өзінде антисептикті Қазақстанның барлық қаласына үлестіріп үлгердік», - дейді зауыт директоры Станислав Максимец.
Қаладағы тұрмыстық химия зауыты да қазір антисептик өндіруге көшкен. Кәсіпорындағылар аталған өнімнен айына 60 мың литр шығара аламыз дейді.
Ал антисептиктің құрамы қарапайым. Этил спирті, дезинфекциялық концентрат, глицерин және түрлі иіс беретін қоспалар. Дайын өнім 1,5 литрлік және 220 милилитрлік құтыларға құйылып сатылады. Ыдыстар да осы зауыттың өзінде жасалады.
Шаһарда қазір бетперде тігушілер де күрт көбейген. Онымен қазір 10 шақты ірі тігін шеберханалары және көптеген жекелеген адамдар да айналысуда. Мәселен, Көкшетаудағы ең ірі отелье бүгінде тек қана бетперде тігеді. Бұл жұмысқа 30 адам тартылған.
«Енді болашақта күніне 10 мыңға дейін маска тігуге мүмкіндігіміз бар. Керек болса, 2-3 сменамен шығаруға болады», - дейді кәсіпорын инженері Саян Боташов.
Жергілікті өндірушілердің қолынан шыққан антисептик пен бетперделер сатылып қана жатқан жоқ, тегін де таратылады. Бұл іске қоғамдық ұйымдар, кәсіпкерлер және қайырымдылық қорлары атсалысып жатыр. Нәтижесінде, мыңдаған адамның қорғаныш құралдарына қолы жетті.