$ 444.32  473.33  4.76

«Адам саны ресми цифрдан да көп болуы мүмкін»: Алматыда бір ауруханада 20 дәрігер індетке шалдыққан

«Аурухананы толығымен карантинге жабуға неге асықпайсыздар? Кеңірек таралғанын күтіп отырмыз ба?» - деді журналист Денсаулық сақтау министріне.
фото: almaty-cgkb.kz
фото: almaty-cgkb.kz

Бүгін Алматы қаласының №12 ауруханасында жалпы 20 дәрігердің коронавирус жұқтырғаны анықталды. Бұл туралы журналист Ирина Советжанқызы facebook парақшасына жазды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

«Алматыдағы 12-ауруханада бүгін тағы сегіз медқызметкерден covid-19 анықталды (Олардың жақындары да карантинге жабылып жатыр. Сол жақтан келіп жатқан хаттарға қарағанда, адам саны ресми цифрдан да көп болуы мүмкін. Кешегі күнмен қосқанда, бір ауруханадан 20 адамнан коронавирус анықталды. Онда инфекция ошағы ретінде неге жабылмай тұр, @birtanovyelzhan?» деп жазды Ирина Советжанқызы.

Осы орайда, ол Денсаулық сақтау министрлігінен аурухананы неге толығымен карантинге жабуға асықпай отырғандарын сұрады. Себебі, онда жатқан науқастар, оларға келіп-кетіп жүрген жақындары, автобуспен жұмысына барып-келіп жүрген медицина қызметкерлері бар дегендей, қазір әр сағат маңызды болып тұр.

«Аурухананы толығымен карантинге жабуға неге асықпайсыздар? Кеңірек таралғанын күтіп отырмыз ба? Осы жерде дәрігерлер отырсаңыздар, айтыңыздаршы! Бір медициналық мекемеде қанша адамнан covid-19 анықталғанда, толық карантинге жабылады? Қайырғали Көнеев аға (медицина ғылымдарының кандидаты, невропатолог дәрігер – ред.), Сіз не дейсіз? Жексенбі болғандықтан, ресми органдардан жауап ала алмадым. Бірақ, КВИ дүйсенбіні күтіп отырмайды», - деді жазба авторы одан әрі.

Сондай-ақ, журналист «Айтпақшы, контактныйларды (100-150 адам) да бір санаторийге апарып, бір палатаға 4-тен жатқызды дейді. Оларды бірге жатқызуға бола ма? Бірінен анықталса, үшеуіне жұғатын шығар?» - деген күдігін де білдірді.

Еске сала кетсек, бұл мәселені жіті бақылауда ұстап отырған әріптесіміз кеше №12 ауруханада коронавирус жұқтырған дәрігерлердің саны 12-ге жеткенін де ескерткен болатын.

«Бүгін КВИ анықталған 12 адам, яғни, 2 дәрігер, 10 медбике – 12-ші аурухананың қызметкерлері. Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі 12 медқызметкердің 12-ші ауруханада жұмыс істейтінін растады. Яғни, бір медмекемеден 12 адамнан коронавирус анықталды. Бұл - анықталғаны. Біз кеше түнде білгенде 4 адам еді, бүгін 12-ге жетті. Ертең қаншаға жетеді?» - деп алаңдаған еді сонда.

Енді міне, сол 12-ге тағы 8 дәрігер қосылып отыр. Кешегі күннің өзінде Ирина Советжанқызы хабарласқан мамандар: «12 адам бір мекемеге өте көп, басқа сау адамдарға тез жұғады. Эпидемия осындайдан таралады», - деп үрейленіпті.

Соған қатысты сауалдар Денсаулық сақтау министрлігінің де, Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасының да баспасөз қызметтеріне жолданғанмен, әлі ресми жауап берілмеген.

Ал бүгін facebook парақшасына жариялаған екінші жазбасында Ирина Советжанқызы: «2 млн теңге біздің денсаулығымыздың өтеуі деп ойлайсыздар ма?» деп басталатын мына хат та, келесі хат та 12-ші аурухана дәрігерлерінен келді. Оқып шығыңыздаршы, жүректі ауыртады» деп жазды.

Бұдан байқағанымыз, дәрігерлер екі күн бұрын тапсырған тест нәтижелерін әлі алмай отырған көрінеді. «Дайындығымыздың түрі бұл. Министрді де, ешкімді де белгілемей-ақ қояйын. Еститін құлақ болса, белгілерсіздер...», - деді жауап күтіп шаршаған журналист.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары