$ 494.87  520.65  4.91

«Ауруды қолдан жасау кімге пайдалы?»: Жылыойдан індет анықталғанын жоққа шығарған жазба тарады

«Анализ алдық, олардан коронавирус таптық, олар емдерін қабылдап жатыр» деп бұқаралық ақпарат құралдары, Жылыой санэпид мамандары таңертең хабарлап жатқанда, Kentech-тің «ауырып қалды» деген жұмысшылары Vaternas жатақханасында жүрді», - делінген үндеуде.
фото: pricom.kz
фото: pricom.kz

Бүгін WhatsApp әлеуметтік желісі арқылы билік басындағыларға Атырау облысындағы Kentech компаниясының жұмысшылары атынан жазылған үндеу кең тарап жатыр. Онда Жылыой ауданындағы жұмысшылар орналасқан Vaternas жатақханасынан коронавирустың анықталғаны жалған екені айтылған, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

Ол үндеудің бас-аяғы мынадай:

«Жылыой ауданында «коронавирус табылды» деген – жалған ақпарат. Бұл жалған ақпаратты таратушалар нені көздеді? Ақша жасаушылардың Vaternas жатақханасымен келісіп жасалған құпия келісімі немесе компаниялардың өзара сыбайлас әрекеті ме? Шындық қайда жасырылған, шындықты қай қазанның қақпағынан табамыз?

Vaternas жатақханасының еден жуушысы ешқандай коронавируспен ауырмаған, яғни бронхитпен ауырып, Атырауда емделіп жатыр. Ал ресми биліктің бұқаралық ақпарат құралдары «коронавирус тіркелді, анықталды» деп жазып, бірінен соң бірі жамырап жазып кетті. Енді талқылап көрелік жағдайды.

Kentech компаниясының жұмысшылары Vaternas жатақханасының 20 блогында жатыр. Еден жуушы сол 20 блокты тазалаған. 20 блоктың 3-ші қатарын Kentech мекемесінің СБ-лары Карат мекемесінің күзетімен жауып тастады. Ол күзетшілерде медициналық маскадан басқа қорғаныш құралдары болмаған.

Сол 3-ші қатар шын ауырса, ауру Карат күзетшілері арқылы адам көп шоғырланған Вахтовый қалашыққа, НСС-ке тарамай ма? Санитарлық, карантиндік режим осылай жұмыс жасай ма? Бұл жерде кім ақша айналдырып отырған? Ауруды қолдан жасау кімге пайдалы?

Теңіз кенішіндегі «Болашақ» кеңейту жобасына жұмсалып жатқан миллиард теңгелер кімнің қалтасына құйылып жатыр? Сол ақшаларды игердік деген саясатпен миллиардтаған ақшаларды қалтаға басудың жаңа жолы – коронавирусты қолдан ойлап табу ма?

«Сыныққа – сылтау» демекші, бұл коронавирус бір таптырмайтын құралға айналды. «Болашақ» кеңейту жобасында 5000 жұмысшыны қысқарту көзделіп отыр, оның үстіне мұнайдың бағасы күрт төмен түсіп кетті. Енді «ақша үнемдейміз» деген желеумен Теңіздегі жұмысты тоқтатып қоймақ бұлар.

Бұл – еліміздің экономикасына нұқсан келтіретін теріс саясат. Карантин режимінде жатқан Қазақстан Республикасына соққы беру. Нағыз мықты тексеріп қойса, шетелдік жұмысшылар Vaternas жатақханасында не істеп жүр, елдеріне кетпей? Коронавирус көп тараған Италия сияқты тағы басқа елдердің азаматтары неге келген? Неге олар елдеріне қайтарылмайды? Мықты тексерсе, коронавирус табылды деген Vaternas жатақханасында жүргендер неге түгел тексерістен өтпейді?

11.04.2020 жылы Vaternas жатақханасында қолдан жасалған коронавирусқа қарсылық танытып, Kentech жұмысшылары митингке шықты. Жылыой ауданының Ішкі істер бөлімінің қызметкерлері сырттай бақылап тұрды. Ешқандай заң бұзушылық, Vaternas жатақханасының мүлкіне зиян келген жоқ. Халық бейбіт түрде өзінің құқықтарын талап етті.

Санэпид мамандарды жағдайды түсіндірмекке әрекет жасады. Бірақ, олардан мардымды жауап ала алмаған жұмысшылар санэпид мамандарын қоршап, қыспаққа алды. Түнгі сағат 02:30,03:30 уақытында жұмысшылардан қан алмау талап етілді. Бұл жерде тағы бір шындықтың беті ашылды.

Атыраудағы инфекциялық ауруханада жатқан еден жуушы әйел бронхитпен емделіп жатыр. Егер еден жуушы коронавирус болса, қасында бірге жақын араласқан 11 адамға неге жұқпаған? Неге 11.04.2020 күні Kentech компаниясының жұмысшыларынан коронавирус табылды деген жалған диагноз келді?

«Анализ алдық, олардан коронавирус таптық, олар емдерін қабылдап жатыр» деп бұқаралық ақпарат құралдары, Жылыой санэпид мамандары таңертең хабарлап жатқанда, Kentech-тің «ауырып қалды» деген жұмысшылары Vaternas жатақханасында жүрді. Олардың өздері сол жаңалықты ұялы телефондарынан көріп, бәрінің өтірік екеніне көздері жетті.

Сәйкессіздігі және өтірігі бұл жерде анық көрініп тұр. Яғни, әлі Атырауға бармаған, Атыраудан анализдері толық шықпаған жұмысшыларды ерте коронавирус қылып, ресми тіркеп жібергендер қылмыстық жауапқа тартылуы тиіс. Атырау облысында аурулар табылды деп тіркеп, Қазақстан Республикасы Президентінің коронавирусқа қарсы күреске бөлген ақшаларын жымқыру тоқтатылсын!

Атырау облысының әкімдігі, Санэпид басшылары, Жылыой ауданының әкімдігінен келген Қаһарман Бағынов мырза, ТШО Еңбек қатынастары мамандары мен әкімшілерінен ТАЛАП ЕТІЛЕДІ:

1) Өтірік анализ алып, сол анализді коронавирус қылып шығару ТОҚТАТЫЛСЫН!

2) 02:30-3:30 де антисанитарлық бөлмелерге келіп қан алу ТОҚТАТЫЛСЫН!

3) Жылыой ауданында КОРОНАВИРУС шықты деген жалған ақпарат таратқандар жауапқа тартылсын! Және ресми ақпарат көздеріне КОРОНАВИРУС жоқ екенін, анализдің қате шыққанын ЖАРИЯЛАСЫН.

4) Бөлмелерді тазалайтын қызметкерлер жұмыстарына шықсын, АНТИСАНИТАРЛЫҚ жағдай ЖОЙЫЛСЫН!

5) Шындықты айтқан адамдарды полиция, КНБ арқылы қамап тастаймын деген Kentech мекемесінің СБ қызметкері Илияс дереу жұмысынан кетсін!

Халықтың дүрлігуіне әкеліп, аурудан қорыққан жұмысшыларды одан сайын қорқытқан қызметкер кетсін!

6) 30.03.2020-2.04.2020 кетейін деп тұрған жұмысшыларды алдаған Kentech компаниясының еңбек қатынастары бөлімінің қызметкері Сәуле жұмысшыларды алдауды ҚОЙСЫН! Халықпен жұмыс істей алмайтын, қорқытуға көшетін, алдайтындардың ЖОЛЫ КЕСІЛСІН! Еңбек қатынастары бөлімі халықпен дұрыс жұмыс істесін!

7) Коронавирус жоқ болса, үйлеріне кетеміз дегендер тексеріліп, үйлеріне жіберілсін, бостандықтарынан айырылып, мәжбүрлі ҰСТАЛМАСЫН!

8) Атырауға кетіп, 14 күнге ауруханаға қамалған, өтірік «коронавирус» болған ЖҰМЫСШЫЛАР БОСАТЫЛСЫН! Кері Теңіз кенішіне әкелінсін!

Kentech компаниясының жұмысшылары атынан жіберілген хат ескерусіз қалмасын!

Ескерту: ҚР Заңына бағынамыз, алайда, бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ! Ауруды қолдан жасаушылар сол Заңға қайшы келіп, адамның құқығын бұзуды тоқтатсын! Қызметтерін асыра пайдаланбасын».

Тағы оқи отырыңыз: Қарағанды облысынан ши шықты: диагнозы басқа адамдар да «коронавирус» деп күдіктелген (ВИДЕО)

Үндеудің болған жайттарды індете көрсетіп, бастан-аяқ сауатты жазылғанына қарағанда, еріккен біреудің ермегіне ұқсамайды. Әрине, ақ-қарасы ресми түрде кейін анықтала жатар, ал біз жауапты органдардың назарына желі арқылы жетпесе, БАҚ арқылы ұсынған жөн болар деп шештік.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары