Ақмола облысында коронавирус инфекциясынан алғаш рет төрт адам жазылып шықты. Сауыққан адамдар кеше үйлеріне оралды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, облыстық денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап.
Министрлік мәліметінше, төрт науқас та Көкшетау қаласындағы Ақмола облыстық туберкулезге қарсы диспансеріне COVID-19 диагнозымен түсіп, емделген. Олардың барлығы – Целиноград ауданындағы Қосшы ауылының тұрғындары. Төртеуі де шетелге бармаған, байланыс арқылы жұқтырған.
«Оның бірі – 1954 жылғы әйел, екеуі – 1949 және 1990 жылғы ер адамдар. Олар наурыздың 28-інде Ақмола облыстық туберкулезге қарсы диспансерінің жұқпалы аурулар бөлімшесіне түскен еді. Сол күні 67 жастағы (1953 жылғы) тағы бір ер адам ауруханаға жатқызылды.
Ем қабылдағаннан кейін, COVID-19 анықтау үшін екі мәрте зертханалық талдау (араға 24 сағат салып) жүргізілді. Зерттеу қорытындысы бойынша, олардың бойынан COVID-19 табылмады. Осылайша, 16 тәуліктен кейін науқастар үйлеріне қайтты», - деді ведомстводан.
Еске сала кетсек, осы Ақмола облысының өзінен коронавирус жұқтырған 73 адам тіркелген, оның 4-еуі індеттен көз жұмды.