$ 494.87  520.65  4.91

«Вирусқа тестілеуден өткен екі дәрігердің аты-жөні ауысып кетіпті»: ДСМ өкілі қателікті мойындады (ВИДЕО)

«Кездейсоқ жағдай орын алып, екі дәрігердің аты-жөні бірдей болып шықты. Оның үстіне, базада екеуі бір ауруханада жұмыс істейді деп тұр. Сөйтіп, тестілеу нәтижесін жариялайтын кезде қате кеткен», - дейді вице-министр.
фото: видеодан скриншот
фото: видеодан скриншот

Денсаулық сақтау вице-министрі Камалжан Надыров facebook парақшасына алматылық дәрігерлердің коронавирус тестілеуіне қатысты наразылығы туралы жазды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

«Өкінішке қарай, бүгін әлеуметтік желіде тараған әріптестерімнің видеосы көпшілікті қайран қалдырды. Министр осыған байланысты Алматыда іссапарда жүрген маған дәрігерлермен кездесіп, мәселені объективті түрде шешуді тапсырды. Кездестім, сөйлестім.

Жағдай былай: Дәрігерлердің қауіпсіздігі үшін министрлік оларды жиі-жиі коронавирусқа тестілеуден өткізу жөнінде шешім қабылдаған. Алайда, бүгін кездейсоқ жағдай орын алып, екі дәрігердің аты-жөні бірдей болып шықты. Оның үстіне, базада екеуі бір ауруханада жұмыс істейді деп тұр. Сөйтіп, тестілеу нәтижесін жариялайтын кезде қате кеткен», - дейді вице-министр.

Айтуынша, өздері сол сәтте оқиғаның мән-жайын анықтап, бәрін өз орнына келтірген көрінеді. Қателік салдарынан ешкім зардап шекпегендіктен, дау-дамай дереу шешіліпті. Енді министрлік бұл істен қорытынды шығарып, бұдан былай тестілеу нәтижесін беретін кезде қосымша тексеру жүргізілетін болады.

«Адам факторын барынша азайтамыз. Жағдайды пайдаланып, әріптестеріме алғыс айтып, қолдау көрсеткім келеді. Тезірек қатарға қосылып, халыққа көмек көрсете беріңіздер. Әріптестер, қазіргі кезде сіздердің бірліктеріңіз бәрінен маңызды» деп жазды Камалжан Надыров.

Еске сала кетсек, кеше алматылық 110 дәрігердің жаппай коронавирус жұқтырғаны анықталған болатын. Олардың кейбірі «Көктем» шипажайына карантинге жатқызылған. Медицина қызметкерлері видеоүндеу жасап, аталған жағдайға Денсаулық сақтау министрінің назар аударуын өтінген еді. Кеше кешкісін орталық ауруханадағы жаппай коронавирус жұқтыру дерегін Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті басшысының орынбасары Нұрхан Сәдуақасов тексерді. Нәтижесінде, Алматы қалалық орталық ауруханасының бас дәрігері Алмас Джувашев қызметінен босатылды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары