$ 444.22  476.38  4.82

«Қиын заман»: бастауыш сынып оқушылары коронавирус туралы тақпақ шығарды

Автордың ойына қарағанда, қауіпті індет елімізге қайғы-мұң әкелді, адамдардың инфекция салдарынан қайтыс болуы халықтың көңіл-күйін түсірді.
фото: t-l.ru
фото: t-l.ru

Дүниежүзіне тараған коронавирус инфекциясы ересектердің ғана емес, балалардың да шығармашылығына әсер етті. Балдырғандар өлең шығарып, қатерлі вирусты тезірек жеңуге үн қосып жатыр, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы, baribar.kz-ке сілтеме жасап.

Сайт тілшісі төрт кішкентай автордың осы тақырыптағы өлеңін жинастырған. Мысалы, 2 сынып оқушысы Абылай Қуанышұлы «Пандемия» атты тақпақ жазған. Онда ол көп елдегі балалар төтенше жағдайға байланысты қашықтан оқуға мәжбүр болғанын баяндайды. Абылайға қазіргі жағдай ұнамайды. Сондықтан ол адамдардың өмірі тезірек бұрынғы қалпына келіп, шат-шадыман болып жүруді қалайды.

Пандемия
Пандемия бар әлемді жаулаған,
Жас дәуренді үйде оқуға баулыған.
Қашан кетер екен дейміз бәріміз,
Қашан кірер бәріміздің сәніміз?

Кәусар Әбдірахым да 2 сыныпта оқиды. Ол «Қиын заман» деп аталатын өлең жазды. Кәусар коронавирус инфекциясының тарауы қоғамға біраз өзгеріс әкелді деп ойлайды. Вирус қаупі күнделікті тұрмысты ғана емес, ой-сананы да өзгертті.

Қиын заман
Мына індет бүкіл елді дауылдай шарлағандай,
Адамзат көп нәрсенің қадірін біле түскендей.
Бұл індетті жеңіп шығар ниет барда,
Үйде отыр, тыныштығы үшін еліміздің!

Ал 4 сынып оқушысы Ерасылдың «Коронавирус» аталатын өлеңінен оның пандемия қатерін сезінгенін байқауға болады. Автордың ойына қарағанда, қауіпті індет елімізге қайғы-мұң әкелді, адамдардың инфекция салдарынан қайтыс болуы халықтың көңіл-күйін түсірді.

Коронавирус
Коронавирус келді деп,
Ел-жұртымыз дүрлікті.
«Талай жанды алды» деп,
Халық талай қынжылды.

Сондай-ақ, 2 сынып оқушысы Ділда Испанбетова шығарған «Біз індетті жеңеміз!» деп аталатын тақпақ оптимизмге толы. Ол өз шумақтарымен адамдарды қорқыныштан арылтып, керісінше, вируспен күресуге айрықша күш бергісі келеді екен. Дегенмен, Ділда ондай күш ғайыптан пайда болмайтынын түсінеді, инфекцияға қарсы тұру үйден шықпай, қолды жиі жуудан, маска тағудан басталады.

Біз індетті жеңеміз!
Вирус келді, балақай,
Үйде отыр, шықпа далаға!
Даладан келсең егер де,
Қолыңды жу қалайда!
Сонда вирус тимейді,
Біз індетті жеңеміз.
Бетпердені шешеміз,
Жақсы өмір сүреміз!

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары