$ 449.58  486.94  4.86

Талғат Аян ауырып жатқан Макс Боқаевты қамаудан босатуды талап етіп отыр

Ал ҚАЖД-ның мәлімдеуінше, «Боқаев медициналық бөлімге жатудан бас тартқан», «денсаулығы мен иммунитетін бір қалыпты ұстау үшін тиісті ем-дом жасалған».

Құқық қорғаушылар мен белсенді Талғат Аян 2016 жылғы Жер митингінен кейін сотталып, түрмеде отырған белсенді Макс Боқаевтың денсаулығының нашарлағанын айтып, биліктен оны қамаудан босатуды сұрады, деп хабарлайды Азаттық радиосы.

Боқаевпен бірге сотталып, кейін босап шыққан белсенді Талғат Аян 1 шілдеде Facebook парақшасында «Макс таксофонмен колониядан хабарласты. Өзінің 5 күннен бері тұмауратып қалғанын, температура, жөтел, иіс, дәм сезбейтінін айтты. Емделіп жатыр, жағдайы бірқалыпты. Макстың денсаулығына алаңдаулымын. Коронавирус сияқты. Колония әкімшілігі мен басқа да сотталғандар ауырып жатыр» деп жазған еді.

Сондай-ақ, ол жазбасының астында Боқаевты босатуды талап етіп, қол жинай бастаған.

Боқаев түрмеде отырған Ақтөбе облысындағы қылмыстық-атқару жүйесі департаменті Аянның жазбасының астына пікір білдіріп, Боқаевтың коронавирусқа тапсырған ПТР анализі теріс нәтиже бергенін жазды.

Департаменттің мәлімдеуінше, «Боқаев медициналық бөлімге жатудан бас тартқан», «денсаулығы мен иммунитетін бір қалыпты ұстау үшін тиісті ем-дом жасалған».

«Қазір Макс Боқаевтың денсаулығы бірқалыпты, денесінің қызуы қалыпты, тамағы ауырып тұрған жоқ. Мекемедегі өз отрядында», - деп хабарланды мекемеден.

Департамент Макс Боқаев отырған түрмедегі сотталғандар мен қызметкерлер коронавирус анализін тапсырғанын, барлығынан вирус табылмағанын мәлімдеді.

Боқаевтың қарындасы Жанаргүл Боқаева Азаттыққа оның денсаулығына қатысты ештеңе білмейтінін, бүгін, 2 шілдеде онымен телефонмен сөйлесетінін айтты.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары