Азаматтық белсенді Вадим Курамшиннің сөзінше, сотталған атыраулық белсенді Макс Боқаев 26 тамызда Петропавлдағы түрмеден Ақтөбедегі жалпы режимдегі колонияға этаппен жөнелтілген. Бұл ақпаратты Азаттыққа Солтүстік Қазақстан облысы қылмыстық атқару жүйесі департаменті растады. Департамент ақпаратына қарағанда, Макс Боқаевтың туыстарына оның басқа колонияға ауыстырылғаны туралы хабарлама жіберілген деп жазады Азаттық.
Жер реформасына қарсы өткен Атыраудағы митингіге қатысқаннан кейін қылмыстық баптар бойынша айыпталған азаматтық белсенді Макс Боқаев пен Талғат Аянға үкім шықты. Белсенділердің әрқайсысы бес жылға бас бостандықтарынан айырылды деп жазады Азаттық.
Бүгін Атырауда заңсыз митинг ұйымдастырды деп айыпталып жатқан қоғам белсенділері Талғат Аян мен Макс Боқаевтың кезекті сот процесі өтті. Оған куәгер ретінде "Шымкентсыра" АҚ-ның бұрынғы басшысы, шымкенттік олигарх Тоқтар Төлешов қатысты. Сот отырысынан Азаттық радиосының сайты тікелей трансляция жүргізді.
Атырауда қоғам белсенділері Макс Боқаев пен Талғат Аянның үстінен сот процесінің басталғаны белгілі. Олар 24 сәуірде жер дауына қатысты заңсыз митинг өткізді деп айыпталуда. Кеше өткен сот отырысында айыпталушылардың адвокаты қамауда отырған олигарх Тоқтар Төлешовті Атырауға алдырып, процеске куәгер ретінде қатыстыруды сұраған болатын. Судья бұл өтінімді қанағаттандырды деп жазады "Ақ Жайық" порталы.
Бүгін Атырауда Жер реформасы бойынша құрылған комиссияның кезекті отырысы өтті. Асқар Мырзахметовтің төрағалығымен өткен жиында комиссия мүшелері түрлі пікірлері мен ойларын ортаға салып жатқан. Шенеуніктердің "тәтті" әңгімесі мен тікелей эфирді түрмеде тергеуде жатқан қоғам белсенділері Талғат Аян мен Макс Боқаевтің аналары үзді.