Ақтөбе облысында 60 жүкті келіншектен пневмония анықталып отыр. Бұл – Медицина орталығының Бас дәрігері Рүстем Исаевтың мәлімдемесі, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.
Дәрігерлердің айтуынша, науқас әйелдер осы күнде орталықта ем қабылдап жатыр. Арасында жағдайы ауыр әйелдер де бар көрінеді.
«Қазіргі таңда стационарда 360 науқас жатыр. Оның 60-ы – жүкті әйелдер. Барлығында пневмония дерті. Олар арнайы маманның қарауында. Перзентхана барлық керек-жарақпен, дәрімен толық қамтамасыз етілген», - дейді Рүстем Исаев.
Арна тілшілері жүкті аналарға жұққан дертке қатысты облыстық әкімдіктен жауап ала алмапты. Ал аймақ басшысының кеңесшісі Әсет Қалиев бүгін осы пневмония тақырыбында арнайы брифинг өткізген. Алайда, дертке қатысты қойылған сұрақтарды модератор айналып өтіпті. Тіпті, індетке қанша адам шалдыққаны туралы да тіс жармаған. Ұйымдастырушылардың жауабы артынан мессенджер арқылы келіп жатыр.
«Бұл сұрақты біз Денсаулық сақтау министрлігіне қоюуымыз керек екен. Бірақ, Нұр-Сұлтандағы брифингтен де мардымды жауап ала алмадық», - деп отыр әріптестеріміз.
«Эпидемологиялық және статистикаға қатысты мәліметтер Денсаулық сақтау министрлігінің бақылауында. Біз қазіргі күні статистикалық мәліметтер берудің жолдары жайлы халықаралық ұйымдар мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан кеңес алып жатырмыз. Сондықтан бұған қатысты есепке алынып, жария етілетін мәліметке кейін ораламыз», - дейді Денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекова.