18.07.2020, 00:20

Қызылорда облысында коронавирусқа қарсы қытайлық дәрілерді сатып жүргендер ұсталды

фото: видеодан скриншот
Оған қоса, кейбір жеке тұлғалар тұрғындарға уақыты өтіп кеткен дәрілерді де сатып келіпті.

Қызылорда облысында жеке тұлғалардың елімізде әлі тіркелмеген дәрі-дәрмектерді сатып келгені анықталды. Құзырлы органдар соңғы бір аптаның ішінде облыс бойынша дәрі сату бизнесіндегі 10-нан астам заңсыздықты әшкерелепті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, 31 арнаға сілтеме жасап.

Бұл – арнайы мониторингтік топтың тексеру жұмыстары барысында тәркіленген дәрілер. Олардың арасында атауы тек қытай тілінде жазылған бірнеше қораптар бар. Ал ол қораптардың ішіндегілер дәрілік заттар ма, әлде басқа ма, ол жағы анықталып жатыр.

Оған қоса, кейбір жеке тұлғалар тұрғындарға уақыты өтіп кеткен дәрілерді де сатып келіпті. Қазір заң бұзған дәріханалар мен жеке азаматтарға әкімшілік іс бойынша айыппұл салынды.

«Жеке тұлғалардан заңсыз сатып жатқан дәрілерді алмауға кеңес береміз. Себебі, әрбір дәрілік заттың сақтау мерзімі, ережесі мен талаптары болады. Ал жеке тұлғалар сатқан жағдайда, бұл талаптар сақталмауы мүмкін», - дейді Қызылорда облысы тауарлардың сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз хатшысы Айман Жанахаева.