Алматы қаласының инфекционист дәрігері Тамара Утағанова коронавирустан қандай маскалар жақсы қорғайтынын айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
"Адамдар қолданып жүрген масканың бірнеше түрі бар. Біреуі өз бетінше тігеді, басқасы дәріханадан сатып алады. Зауытта жасалған маскалар үш қабатты және олар тығыздалған, сондықтан вирустардан жақсы қорғайды. Ал үй маскасының әсері матасына байланысты.
Бірақ ең бастысы - масканы тағу және жиі ауыстыру. Әр үш сағат сайын ауыстыру керек, масканы шешіп, қалтаға салып, содан кейін қайта тағуға болмайды. Шешіп тастасаңыз, жаңасын киіңіз", - деді дәрігер.
Ол, сондай-ақ, медициналық маскаларды кәдеге жарату ережелері туралы еске салды. Айтуынша, оларды қоқыс жәшігіне немесе контейнерге тастауға болмайды, пластикалық қаптарға салу керек.
Мұның алдында дәрігер Қазақстанда емдеу хаттамасы 11 рет өзгергенін айтқан болатын.