Елде наурыздан бері коронавирустан 610 адам қайтыс болды. Олардың арасында 40 жүкті әйел бар, деп хабарлайды Азаттық радиосы.
21 шілдеде Нұр-Сұлтанда өткен брифингте денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мен министрдің орынбасары Ажар Ғинаяттың айтқан мәліметтерін шолып шықтық. Елде вирус жұқтырғандар 73 мыңнан асты. 45 мыңнан астам адам дерттен айықты.
Елде наурыздан бері коронавирустан 610 адам қайтыс болды. Олардың арасында 40 жүкті әйел бар. Өлім-жітімді тексеру комиссиясы коронавирус жұқтырған 150 адамның өлім себебін тексеріп жатыр.
Ғинаяттың сөзінше, елде коронавирустан шетінеген бала жоқ. Азаттық тілшісі «Нұр-Сұлтандағы коронавирус зиратында баланың жерленгенін көрдік» деген дерегіне «жаңа туған сәбидің анасы вирус жұқтырған болуы мүмкін, коронавирустан бала өлімі жоқ» деді.
Қазақстанда сегіз мыңдай адам пневмониямен ауырып жатыр. Олардың мыңнан астамы бала.
Алексей Цой жұмыс кезінде пневмонияны жұқтырған немесе одан қайтыс болған медицина қызметкерлеріне өтемақы төлеу мәселесі қаралып жатыр деді. Оның айтуынша, 1 тамыздан бастап коронавирус пен пневмония статистикасы бірге есептелген соң, бірқатар нормативтік құжаттарды өзгерту қажет. Әзірге қызметін атқарып жүріп Covid індетіне шалдыққан медицина қызметкерлер ғана өтемақы алады.
Цойдың сөзінше, қазір елде 123 дәрігердің коронавирусты жұмыста жұқтырғаны анықталған. Кәсіби міндетін атқару барысында 59 медицина қызметкері коронавирус жұқтырып, қайтыс болған.
Цой елде індет жағдайы тұрақтала бастады, күніне 1500-1600 адамнан вирус анықталып жатыр деп мәлімдеді. Сөзінше, кейінгі екі аптада күн сайынғы науқастар өсімі 4 пайыздан 2,1 пайызға азайған. Жазылғандар 60 пайызға көбейген.
Министрдің айтуынша, кейінгі үш аптада провизорлардағы орындар 89 пайыздан 69 пайызға дейін, реанимациялық бөлімдерде 73 пайыздан 67 пайызға дейін босаған. Жедел жәрдем көлігін шақыру да 23 пайызға азайған.
Цой аймақтарда арнайы тұрақтандыру қорлары құрылып, амбулаторияларды қамтамасыз ететін дәрі-дәрмек тізімі кеңейетінін, бір айға дәрі-дәрмек қоры жасақталатынын айтты.
Министр ПТР тестен өткізу үшін бюджеттен 42 млрд теңге бөлу қажет екенін де айтты. Сөзінше, 170 млн теңге зерттеу жүргізуге тартылған ветеринарлық зертхананың 67 маманына жұмсалады.