Белгілі журналист Серік Жанболат facebook парақшасында елімізде әлі де дәрі-дәрмек тапшылығы бар екенін, ал әкім-қаралардың Президентке бәрін қарық қылған кейіпте өтірік есеп беріп жүргенін жеткізді, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Əкімдерді айтамын, Президенттің алдында шімірікпестен соғады, ə? Беті бүлк етпейді. Ағайын-ау, Алматы, Астана, Шымкенттің арасында сабылған жұрт əлі бір-біріне дəрі-дəрмек тасумен жүр. Аса қажет дəрілер жоқ болған, əлі де солай.
Мысалы, Семейде қатты ауырып жатқан апайыма қажет дəріні бүгін Алматыдан күні бойы іздеп таба алмадым. Шымкенттен табылып еді, оның тасымалы қиын болды. 8 градуста сақтау керек екен. Алыс-жақындағы таныстарды жұмылдырып, ол дəріні Астанадан таптық. Енді оны Семейге жеткізу керек. Сөйтсек, ұшақта басы артық дəрі алып жүруге болмайтын тыйым салынған дей ме?
Əйтеуір, күні бойы дəрі операциясымен айналыстым. Ал бүгін есеп берген əкімдер елді дəрімен жарылқап тастадық дейді. Өтірік! Қып-қызыл өтірік! Мен осыған куəмін. Олар аймақтағы жағдайды толыққанды білмейді. Президенттің алдында есеп берсек, іс бітті деп ойлайтын болуы керек. Ал мынау індеттің бетін қайтаруға жарайтын ең қажет дəрілерді іздеген жұрт əлі сабылып жүр. Шындық осы!» - деді шарасы таусылған әріптесіміз.
Осы орайда, Ләйлә Тіржанова атты желі қолданушы: «Сіз аймақтарды айтасыз, мен Алматыда тұрып, қарапайым парацетомол мен эритромицин таблеткасын таппадым бүгін. Бар дәрі жеткізілді, дәріханаларға түсті, толып тұр, жеткілікті дегендері қайда деп таңғалдым», - деп тағы бір жайттың басын ашты.
Сондай-ақ, Жанаргүл Қадырова есімді кісі: «Екібастұзда элементарный парацетамол, спирт, градусник жоқ. Шатпасын әкімдер», - деп салды.
Өзге оқырмандар да «Әкімдерді есебін тыңдамай, қамау керек», «Олар басқа параллельде өмір сүруде», «Басшылардың бәрі өздері жеп қояды да, өтірік есеп бере салады», «Коронавирустың арқасында біраз былықтары ашылып, бетпердесі шешіліп-ақ жатыр», «Ең бастысы, президент соған сеніп, бас шұлғып отыр ғой» деп шуласуда.