Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов Қазақстанда пневмония мен коронавирустың біріккен статистикасы қалай есептелетінін айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Оның айтуынша, біріккен статистикаға көшу 1 тамыздан басталалуы тиіс болған. Соған сәйкес, бүгін күндізгі сағат 11:00-де денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың қатысуымен брифинг болады деп күтілген. Алайда ол дүйсенбіге ауыстырылыпты.
«1 тамыз деп жоспарланғандай Денсаулық сақтау министрлігі ақпараттық жүйеге деректерді енгізу үшін жаңа кодтау алгоритмдері бойынша COVID-19 есебін жүргізе бастады. Одан кейін бір тәулік өткен жоқ, мәліметтер әлі де жаңартылып жатыр. Сондықтан бүгін шығып, методиканы енгізгенімізді айтып, ал нақты сандар ертең дайын болатынын айтқанымыз дұрыс емес болар», - дейді ДСМ ресми өкілі.
Қожахметов 2 тамызда жаңартылған мәлімет берілетінін айтты.
«Ол жерде 1 тамыздағы ПТР-тесті оң және теріс нәтиже көрсеткен коронавирус жағдайлар санын айтамыз. Біз оларды «ықтимал жағдай» деп атаймыз», - деп түсіндірді Қожахметов.
Еске салайық, 17 шілдеде Қазақстанның денсаулық сақтау министрі Алексей Цой коронавирус пен пневмония статистикасы тамызда біріктірілетінін мәлімдеген болатын. Министр елімізде 1 қаңтар мен 15 шілде аралығында 234 187 пневмония дерегі тіркелгенін атап өтті.