$ 484.11  528.79  5.03

«Молда басын шертіп қана қоятындықтан, артық ет түгел алынбай қалады»: үлкендер қайта сүндеттелуде

«Бізге Қытайдағы қандастарымыз көп жүгінеді. Себебі, ол жақта бала сүндеттеуге қатысты кездесетін кедергілер жеткілікті», - дейді елордалық дәрігер.

Елордалық дәрігер Батыр Қонысбекұлының хирург болып қызмет еткеніне бес жылдан асты. Бүгінде Батыр аса ауыр оталардан бөлек, балаларды медициналық жолмен сүндеттеу ісін де қолға алған. Бүгінде бала сүндеттеу ісі дәрігерлер арасында үлкен бизнеске айналып келеді. Бірақ, бұл қызметтің де жауапкершілігі үлкен екенін ұмытпау керек. Астаналық дәрігер KAZ.NUR.KZ порталына сұхбат беріп, баланы сүндеттеу кезінде ескерілуі тиіс маңызды қағидаларға тоқталды.

«Баланы сүндеттеу ісін қолға алғаныма да біраз жыл болды. Бүгінге дейін біздің алдымыздан 5 мыңға жуық бала өткен шығар. Баланы сүндеттеу – сүннет. Асыл дінімізден бөлек, медицинада дәлелденген дүние. Сондықтан балаларын мұсылман қылуға асығатын ата-аналардың қадамы бізді қуантады», - дейді дәрігер.

Қазіргі таңда баланы тым кішкентай күнінде сүндеттейтіндер кездеседі. Ал қазақ халқы ер баланы есін біліп, 5 жасқа жақындаған шағында молдаға немесе дәрігерге апарады. Батыр Қонысбекұлының айтуынша, жас айырмашылығында тұрған ештеңе жоқ.

«Ислам дінінде баланы туғанына 7, 14 немесе 40 күн толған соң сүндеттеу керектігі айтылған. Осыған орай, ер баланы сәби кезінде сүндеттейтін ата-аналар қазір өте көп. Бұл да дұрыс. Қазақ халқы баланы 5 жасқа жақындағанда сүндеттейтінін білесіздер. Мұның себебі – бала өзінің бұл қадамын түсініп, сүндет тойын жасап, бір белестен асқанын ұғыну деп жүрміз. Бұл да қате емес. Жалпы, жас айырмашылығы айтарлықтай маңызды емес. Ең бастысы, ниеттің дұрыстығы», - дейді ол.

Баланы сүндеттеу үшін дәрігерлердің қойған бағасы да әртүрлі.

«Жалпы, сүндеттеу нарығындағы баға – шамалас. Бірақ, әр дәрігер әртүрлі қояды. Мысалы, кейбір ата-ана балаға тұтастай наркоз беріп, баланы ұйықтатып сүндеттеуді сұрайды. Бұл 30-35 мың теңге шамасында. Ал жергілікті наркоз 15-25 мың теңге аралығында. Көп жағдайда жергілікті наркозды таңдайды. Бұл әдіс бойынша бала ұйықтамайды, бірақ, сүндеттеу кезінде еш ауырсыну сезбейді», - дейді ол.

Бір қызығы, түрлі жағдайларға байланысты бала күнінде сүндеттелмей, жасы біразға келгенде дәрігерге жүгінетіндер қатары да көп.

«Өмірде түрлі жағдайлар болады. Мысалы, бала күнінде молдаға барғандардың қайта келетін кездері бар. Өйткені, молда басын шертіп қана қоятындықтан, артық ет түгел алынбай қалады. Бізге Қытайдағы қандастарымыз көп жүгінеді. Себебі, ол жақта бала сүндеттеуге қатысты кездесетін кедергілер жеткілікті. Одан бөлек, Кеңес заманында бұл мәселеге айтарлықтай мән бермей, үлкейген соң қолға алғандар бар. Өзге дін өкілдері де соңғы кездері жиі сүндеттеледі. Әрине, олар діни сенімін өзгерткеннен емес, медициналық тұрғыда сүндеттеудің пайдасы көп екенін білген соң келеді. Өйткені, жыныс мүшесі ауруларының қозуына бұл жағдай қатты әсер етеді», - дейді дәрігер.

Сөз соңында Батыр Қонысбекұлы баласын сүндеттейтін ата-аналарға өз кеңесін айтты.

«Сүндеттер алдында баланы тым қорқытып, алаңдатудың қажеті жоқ. Өйткені, бала бізді, ақ халатты дәрігерлерді көргенде одан сайын қорқып қалады. Сондықтан баланың көңілін бөліп, еш ауырмайтынын айтып, жуындыруға немесе массаж жасауға барамыз деген дұрыс», - дейді ол.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары