Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров пен қоғамдық денсаулық басқармасының жетекшісі Қамалжан Надыров Алматының жедел жәрдем қызметінің пандемияның жаңа толқынына дайындығымен танысты, деп хабарлайды Sputnik.
«Қазіргі уақытта 180 бригада жұмыс істейді. 3 мыңнан астам қызметкер бар. Мамандар қорғаныш құралдарымен толықтай қамтамасыз етілген. Вирус өршіген жағдайда 103 желісінің санын 30-дан 50-ге дейін көбейтеміз. Қоңырау қабылдайтын фельдшерлер саны 12-22-ге, бригадалар саны 220-ға дейін артады», - деді Алматы қалалық жедел медициналық жәрдем қызметінің бас дәрігері Біржан Оспанов.
COVID-19 жұқтыру шыңы болған жағдайға байланысты іс-қимыл алгоритмі әзірленген.
«Жоспар дайын, үш негізгі сценарий бар. Медицина қызметкерлері соған сәйкес әрекет етеді. Барлық медицина қызметкері тиісті оқытудан өтті», - деді Оспанов.
Арнайы 3000-505 call-орталығы жұмыс істейтін болады. Қосымша желі 103-ке түсетін жүктемені азайтып, коронавирусқа байланысты шұғыл қоңырауларға дер кезінде жауап беруге жағдай жасайды.
Оспановтың айтуынша, қазір Алматыда КВИ бойынша түсетін қоңырау саны азайған.