Ресейлік иммунолог дәрігер Владислав Жемчугов қандай аурулар кезінде коронавируқа қарсы вакцина салуға болмайтынын айтты.
Дәрігер иммунитетті тежейтін препараттарды қабылдайтын адамдарға коронавирустық инфекцияға қарсы вакцина салған қауіпті деп отыр. Бұл санаттағы аурулар аз емес. Сол себепті вакцина салардың алдында дәрігерден кеңес алған жөн.
"Мысалы, онкология аурулары бар. Емдеу кезінде иммунитетті тежейтін препараттар беріледі. Сонда бір жағынан вирустан қорғану керек, ал екінші жағынан, керісінше, иммунитетті күшейтпеу керек. Өйткені онкологияны емдеу шаралары жүргізіледі. Сол себепті вакцинация мәселесін өзіңіздің емдеуші дәрігеріңіз шешуі керек", - деді Жемчугов "Вечерняя Москва" басылымына берген сұхбатында.
Иммунологтың айтуынша, қабыну мен аутоиммундық аурулары бар, сондай-ақ, қызыл жегі мен қан ауруларына шалдыққан адамдарға вакцина салуға болмайды.
Айта кетейік, Ресейдің астанасы – Мәскеу қаласында коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаны зерттеудің үшінші кезеңі аясында вакцинация басталған болатын. Еріктілерге препараттың алғашқы компоненті салынды, 21 күннен кейін оларға екінші инъекция егіледі.