13.10.2020, 22:49

«Елдегі эпидемиологиялық ахуал нашарлап барады» - Бағдат Қожахметов

фото: tengrinews.kz
Коронавирус бойынша сандар көңіл қуантпайды.

Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов елде коронавирус инфекциясын жұқтыру бойынша жағдай күрделеніп бара жатқанын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгін ғана менің жақын досым COVID-19 жұқтырып алғанын естідім. Жағдай қиындап кеткенше мені мазалағысы келмепті. Өкпесі 20 пайызға зақымданған. Пневмония», - деп жазады Бағдат Қожахметов Facebook-парақшасында.

Сондай-ақ министрліктің ресми өкілі елдегі эпиджағдай қиындап бара жатқанын хабарлады. «Біз тағы да босаңсып кеттік. Коронавирус бойынша сандар көңіл қуантпайды. Көршілес Ресейдегі жағдай біздің елдегі маусым-шілде айларындағы ахуалға ұқсас. Таңдау әрдайым өзімізде», - деп ескертті ол.

Айта кетейік, өткен тәулікте Қазақстанда коронавирус 70 адамда расталды. 5-11 қазан аралығында індеттен 22 науқас көз жұмды. Сондай-ақ 12 қазан күні коронавирус белгілері бар пневмонияның 4 жағдайы және 2 өлім жағдайы тіркелді. Елімізде індетке барлығы 108 901 адам шалдыққан, оның 104 203-і жазылып шықты. 1768 науқас қайтыс болды.